• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Референдум-2022 01 Маусым, 2022

Қателік қайталанбауы керек

341 рет
көрсетілді

Еліміздің бас құжаты 1995 жылдан бері төрт рет өзгерді. Бұл жолғы өзгерістер бұрынғы қателіктерді қайталамауы керек. Бұл өзгеріс­тердің ең алдымен ұлттық экономиканы қа­лыптастырудың алғышарты болғанын, оли­гархиялық, жеке топтық емес, нарықтық эко­но­микаға жол ашқанын қа­лай­мын. Себебі заң алдында бәріміз бірдейміз, құқы­мыз да тең.

Қазір қоғамда «енді не болады?» деген сұрақ бар. Қоғам – сіз бен біз. Қазір көптің атынан пікір айтатындар көбейіп кетті. Халық атынан тек Президент пен Пар­ла­мент қана сөйлеуге тиіс. Парламент – дауыс бергеннен кейін ғана халықтың атынан сөйлей алатын алқалы орган.

1990-жылдардың екінші жартысына дейінгі жүйе елді бітпейтін әлеуметтік қайшылықтардан құтқарып, тұрақты мемлекет пен нарықтық экономиканың негізін қалауға көмектесті. Бірақ 2004 жылы мұнай бағасы көтеріле бастаған кезден бастап жағдай өзгерді. Реформалар баяу­ла­ған сайын әлеуметтің жағдайын көтеруге бағыт­тал­ған бағдарламалардың да саны өсті. Ал шын мәнінде сол бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржы жекелеген біреулердің қалтасына құйылды.

Елде Кеңес Одағының бұрынғы мемлекеттерімен са­лыс­тырғанда қалыптасып қалған мемлекеттік аппарат бар. Бірақ оның проблемасы бұйрыққа бейім­дел­гіш­ті­гімен байланысты болды. Кәсіби мемлекеттік қызмет мысалы, Ұлыбританияда саясаттан тыс тұрады, таратып айтқанда, саясат пен экономиканың бірігіп кетуіне заңмен тыйым салынған. Әрбір сайлаудан кейін жаңа министр мен премьер-министр халықтан басқа мандатпен және өз партиясының идеяларымен келеді. Саясаткерлер – тапсырыс беруші, шенеуніктер – орындаушы. Саясаткерлер шенеунікті себепсіз қызметінен босатуға, шенеуніктің саясаткердің саяси бағытын қабылдамауға құқығы жоқ.

Ал бізде партия бұрынғы билікке айтқанын орындату үшін ғана керек болды. Партия ықпалды болмағасын, азаматтық қоғамдар да жұмыс істей алмады, халыққа ұсынысын айтатын мүмкіндік шектеулі күйде қалды. Әлеуметтік желі мен мемлекеттік аппараттың шеңберіне сыймай қалған БАҚ қана халықтың мінбері рөлін атқарғаны белгілі.

Кез келген шешім – тәуекел. Ал біздің министрлер мен олардың орынбасарлары тәуекелдің қай жерде екенін, қай жерде сынның отына түсуге болатынын жақсы біледі. Олардың барлығы мемлекеттік аппараттан, бәрі бір мектептен шыққандықтан өзекті мәселелерді 5-10 жыл бұрын жасырып қою арқылы мүлдем ұмыттырып жіберуге болады деген ұстаныммен өмір сүріп келді.

Референдумнан кейін саяси бостандықтың есігі арқы­лы Парламенттегі ландшафт өзгереді, билік құра­мын­да бұ­рын­ғы дертпен былғанбаған жастарға орын беріледі деп үміт­тенемін.

Біздің қоғам әлі саяси организм ретінде құрылмаған. Парламентаризм мен өкілді демократия арқылы проблемалар мен шешімдерді жоғарыға жеткізудің өркениетті жолдарын таппайынша, әлеуметтік қақтығыстардың алдын ала алмаймыз. Ал бұл – елдің болашағына балта шабу деген сөз.

Өзінің тарихи рөлін атқарған бұрынғы жүйемен бірге жеке тұлғаның көлеңкесінде өмір сүруге бейімделген мемлекеттік аппарат та тарихқа кету керек. Қоғамның дамуы бір адамға байланысты емес. Президенттің бір өзі демо­кратиялық институттардың қажеттілігін немесе аза­маттық қоғамды алмастыра алмайды. Біз бұл жолға Пре­зи­дент­ке деген халықтың сенімі арқылы ғана жете аламыз.

Ішкі саяси күресте қоғам кім солшыл, кім оңшыл, кім көбірек екенін анықтауы керек, ал Президент тұрақ­ты­лық­тың кепілі ретінде бұл жекпе-жектердің өркениетті түрде және заң аясында өтуін қамтамасыз етуі керек. Бірер күн­нен кейін біз бірінші қадамды ғана жасаймыз, бірақ бұл ұзақ және күрделі процесс.

 

Алмас ЧУКИН,

экономист