Білім және ғылым министрлігі «Балаға лайық» акциясын ұйымдастырған болатын. Бұл науқан мектеп асханалары мен санитарлық тораптардың жағдайын ерекше бақылауға алуды көздейді. Жақында осы акцияның аралық қорытындысы шығарылды.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқықтарын қорғау комитетіне бір айда 110 нысандағы келеңсіздіктер туралы 1 мыңнан аса хабарлама түскен. Шағымдардың басым бөлігі мектептердегі санитарлық-гигиеналық жағдайларға байланысты болды.
Аталған комитет еліміздегі оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп, мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктерді анықтау, мектептерді жабдықтау және оларды ұстауға қаржы алатын әкімдіктермен ескертулерді жою мақсатында «Балаға лайық» акциясын бастаған.
Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев: «Акцияның бірінші кезеңі аяқталды. Жұмысты белсенді жүргізу үшін барлық облыстың білім басқармаларымен, балалар өкілдіктерімен онлайн кездесулер өткізілді. Білім беру ұйымдарында мессенджерлердің QR-кодтары бар буклеттер таратылған», деді.
Е.Иманғалиевтің мәлімдеуінше, білім ордаларының санитарлық-тұрмыстық жағдайы мен асханаларының жай-күйіне қатысты барлық шағым әкімдіктерге жіберіледі. Акция кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертулерді жоюға 1 қыркүйекке дейін уақыт берген. Нәтижесінде Instagram-дағы @balaga.laiyq парақшасында мектеп әжетханалары мен асханаларының «дейінгі және кейінгі» фото-видеолары жарияланады.
Акцияның екінші кезеңі жаңа оқу жылында басталады. Бір ай бұрын басталған акция «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатыр. Мониторинг жазалау үшін емес, балаларға санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалмаған білім беру ұйымдарын анықтауға бағытталған. Бұл ретте мектеп асханаларында проблемалы жуынатын бөлмелер, заң бұзушылықтар жайлы хабар бергендердің аты-жөні, олар туралы ақпараттардың жарияланбайтынына кепілдік беріледі.
Осыған дейін министрлік бірқатар облыстың әкімдіктеріне ауладағы дәретханаларды жою және мектептерде балаларды қорғау үшін дабыл түймелерімен, бейнекамералармен және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен жұмыс жүргізбеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы хат жолдаған еді.
Балжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
2-курс студенті