• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2014

Бес жастағы Никита Братиславада Қазақстанның Әнұранын шырқады

266 рет
көрсетілді

Өзі кіп-кішкентай болса да періште жүрегімен Қазақ деген елге қаншама жанның ілтипатын интернетпен жетелеп келген Никита туралы бейнематериал салынған «Х-фактор» сайтында қазір жылы лебіздер өріп жүр. Ғаламтормен қауышқан Ни­ки­таны іздегенімізде анасы Еленамен біздер көп жылдар бойы сыралғы болмасақ та, сырттай таныс болып шықтық. Никитаның шешесі кәдімгі «Сердцеедки» тобының бұрынғы солисі Елена Гончарова екен. Одан да қызығы, Елена қазір біздің әріптесіміз – ақпарат айды­нының белді өкілі – фоторепортер. Мен Еленаға өзімді таныстырып, «Егемен Қазақстан» газе­тінің шолушысы екенімді, Ни­кита туралы сөйлескім келеті­нін айтқанымда, ол мені танитынын, жуырда ғана «Avon» ком­па­ниясының интернет-дүке­ні­нің ашылу рәсімінде бірге болға­ны­мызды есіме салғаны. Мен де телефонның ар жағын­дағы Еленаның келбетін есіме түсіріп, әңгімеміз жараса кетті. – Елена, Словакияға қалай жолың түсті? Никитаның Еуро­­пада Әнұранды салып тұрған сәті «Х-фактор» сайтынан қалай табылды? – Мен Братиславаға «Х-фак­тор» жобасына қатысу үшін бар­ғанмын. Никитаны да алып баруға тура келді. Іріктеу турынан сәтті өткеніммен, екінші турда сүріндім. Тек тіл білмегенім кедергі келтірді деп ойлаймын. Қазылар алқасы менің орысша әзіл-қалжыңымды түсінбеген сыңай танытты. Бірақ, ол байқауға өтпей қалғаныма өкін­беймін. Есесіне Никита бұл жо­баның жұлдызы болып шыға келді. – Никита да байқауға қатыс­ты ма? – Жоқ. Ұлым Никита мені қол­дап барған адамның біреуі ғой. Сахнаға шығатын сәтімді шы­мыл­дық сыртында күтіп тұрға­нымызда айналамызда журна­листер, телеоператорлар қап­тап жүрген болатын. БАҚ өкілде­ріне бәрі қызық! Осындай жобаға қатысу үшін Еуропаға Қазақстаннан ерінбей келгенімді сұрастырды. Әсіресе, оларға Никита ұнап қалса керек. Бір журналист баламның тілін қы­зық көріп, қандай әнді жақсы көре­тінін сұрап, салып беруді өтін­генде, ол еш қысылмай-ақ, жалын­дырмай-ақ «Туған елім менің – Қазақстаным» деп саңқыл­дап, бастан-аяқ айтып берді. Әлгі шетелдік журналист патриот­тық рухтағы бұл қандай ән екенін сұрағанда мен Никитаның мемлекетіміздің Гимнін шырқап тұрғанын айттым. Ұлыма соншама мейірлене қарап, көзі жасаурап, тыңдап тұрған сол тілшінің түрін есімде сақтап қалыппын. – Оған Әнұранды кім үйрет­кен? Мен де ғаламтордан Ники­таның салған әнін тыңдадым. – Ой, ол қазақша балабақшаға барған. Достарынан қалмасын, өз елі­нің тілін білсін деп берген­біз. Бірақ, биыл орыс тіліндегі дайын­дық сыныбына бердік. Өкініш­ке қарай, мен қазақша біл­мей­мін. Биыл мектепке барғанда саба­ғын дайындасуға көмегім тимей қа­лама деп ойладым. Бірақ, Ни­кита қазақша жақсы сөйлейді. Дос­та­­рымен қазақша сайрап, ойнап кет­кенде өзіміз де неге үйреніп алма­дық екен деп қызығып қаламыз. Мемлекеттік гимн оның сүйікті әні. Сыпайыламай-ақ айтқанда үйде «Алтын күн аспаны...» деп бақырады да жүреді. Айтпақшы, биыл жаңа жылда Елбасы бәрімізді құттықтағаннан кейін Әнұран ойнады ғой. Никита жүгіріп барып теледидардың тү­біне тұра қалып, дауысын одан да асырып әндеткенде әбден күл­­геніміз бар. Гимн оған қатты әсер етеді. Бала болса да бұл әнде пат­риоттық рух, салмақ пен салтанат бар екенін сезетін шығар деп ойлаймын. Братиславада байқауға өтпей қалғаныма аса өкіне қойған жоқ­пын. Ағылшын тілі мен словак ті­лін білмейтінім кедергі болды. Сондықтан тілді бала кезден үйре­ну керек деген ұстанымға қо­сы­ламын. Көп тіл білген сайын жолың ашылады екен. Соған көзім жетті. Никитаны қазақша балабақшаға бергенім өте дұрыс болғанын тағы да түсіндім. Никита өзі бір – интернационал бала. Нағашысы жағынан оның бойында армян мен орыстың, әкесі жағынан корей пен украинның қаны бар. Ендігі арманым – осы балам елге сыйлы жақсы азамат болып өссе екен. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. –––––––––––– Суретті түсірген Елена Гончарова.