«Статистикалық деректерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда былғары кәсіпорындарының мәлімделген қуаттылығының 90-95 пайызын қамтамасыз ету үшін былғары шикізаты жеткілікті көлемде өндіріледі екен. Мәселен, республикамызда 2013 жылы ірі малдың терісі – 2,5 млн. дана, ал ұсақ малдың терісі 7,6 млн. дана көлемінде алынған.
Бірақ, бұған қарамастан, отандық былғары кәсіпорындары тері шикізатының тапшылығынан азап шегуде. Бұның басты себебі, ол еліміздегі тері өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге, әсіресе, көп жағдайда Қытай Халық Республикасына әкету болып табылады. Біразы заңды жолмен экспортталса, басым бөлігі көлеңкелі жолдармен кетеді. Осының салдарынан жасырын кетіп жатқан теріден мемлекеттік бюджет қомақты қаржы жоғалтады екен.
Шикізат әуелі Қазақстаннан Қырғызстанға әкетіліп, одан кейін Қытай Халық Республикасына жіберілетін көрінеді. Өңделмеген теріні Қазақстаннан тыс жерлерге әкету көлемін қысқарту үшін Үкімет экономикалық реттеуші ретінде шығарылатын тауардың тоннасына кедендік баж салығын 200-ден 500 еуроға дейін көтерген. Алайда, бұл шара күтілген нәтиже берген жоқ, өйткені, ол екіжақты қатынастармен бекітілген ТМД елдерінің еркін сауда аймағы шеңберінде қалыптасқан сауда қатынастарына қатысты болмады.
Кеден одағы Комиссиясының 27.01.2010 жылғы №168 «Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Кеден одағының тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету туралы» шешіміне сәйкес былғары шикізаты Кеден одағының ішкі нарығы үшін маңызды болып табылатын тауарлар тізбесіне енгізіліп, оған ерекше жағдайларда уақытша шектеу немесе экспортқа тыйым салынуы мүмкін. Кеден одағы бойынша біздің серіктесіміз Беларусь, былғары шикізатын әкетуге дүркін-дүркін тыйым салуды енгізіп отыр, мысалы, соңғы уақытта 6 айға дейінгі мерзімге тыйым салу екі рет енгізілді. Мұндай кезеңділік отандық былғары шикізатын қайта өңдеушілерді қорғауға бағытталған шараның тиімділігін көрсетті.
Ағымдағы жылдың ақпанында Ресей үкіметі «Былғары аяқ киім және сонымен байланысты салалардың өнеркәсібін дамытуға бағытталған іс-шаралар туралы» қаулы қабылдады. Мұндай іс-шаралардың мақсаты былғары экспорты көлемінің арта түсуіне байланысты туындаған ішкі нарықтағы былғары жартылай фабрикатының жетіспеушілігін жою болып табылады. Осы орайда, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге былғары шикізатын шығаруға мерзімді тыйым салуды енгізу қажет деп есептейміз.
Отандық былғары кәсіпорындарының және бір маңызды проблемасы олардың импортқа тәуелділігі болып отыр. Бүгінгі таңда, олар негізінен Италия, Түркия, Қытай және басқа да елдерде шығарылған құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Кеден одағы аумағында осы салаға керекті құрал-жабдықтар шығарылмайды. Былғары шикізатын қайта өңдеу кезінде пайдаланылатын химиялық өнімдер де дәл осы себептермен шетелден импортталады.
Жеңіл өнеркәсіп үшін құрал-жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді және химикаттарды баж салығынсыз әкелу мәселесі республикамызда жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген. Алайда, аталған ережелерді іске асыру белгісіз мерзімге шегеріліп отыр. Сонымен бірге, жақындағы бағамдық түзетуден кейін дәл осы импортқа тәуелді кәсіпорындар өте қиын жағдайға тап болды. Сатып алу бағасы теңгеге қайта есептегенде 20-22 пайызға артты, бұл, өз кезегінде, өнімнің өзіндік бағасына әсер етіп, оны сыртқы нарықта бәсекеге қабілетсіз етіп отыр, ал паркті жаңарту және өндірісті жаңғырту кейінге қалдырылды. Келешекте бұл артта қалушылықты жою айтарлықтай қиынға соғады да, еліміз тек шикізатты жеткізуші рөлінде қалмақ.
Мұндай жағдайда кедендік жеңілдіктерді енгізу дұрыс деп ойлаймыз. Бұл шараны енгізу бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді, себебі, бюджетті басқа баптар арқылы, оның ішінде шикізат экспортына кедендік мөлшерлемені арттыру және басқа да табиғи ресурстар есебінен қалпына келтіруге болады.
Тағы да бір атап өтетін мәселе, ол тері шикізатының сатып алуын мемлекет тарапынан субсидиялау. Қазіргі кезде республикамызда тек мақта шикізатының сатып алынуы қаржыландырылады. Еліміздің жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасында көзделген тері шикізатын қаржыландыру мәселесі осы күнге дейін шешімін таппауда. Біздің ойымызша, қазірден бастап тері өнеркәсібіне қажетті субсидия көлемін анықтап, қаржыландырудың сызбасын дайындап, талқылау керек.
Сарапшылардың айтуынша, субсидиялауды қайта өңдеу кәсіпорындары арқылы жүзеге асыру керек. Бұл сызба, яғни схема кәсіпорындарға шикізат нарығында әділ бағаны ұсынуға мүмкіншілік беріп, аталған салада пайда тауып жүрген делдалдардың ісін тоқтатады. Сонымен бірге, қаржыландыру мәселесі шешімін тапқан жағдайда, былғары шикізатын қайта өңдеушілерді жергілікті жерлерде тері-терсек жинау ісіне қосу керек, өйткені, сұранысы болмаған малдың терісін шаруалар қоқыс қоймаларына тастауға мәжбүр. Осыған орай, бұл істің ұйымдастырылуын жергілікті атқарушы органдарға жүктеп, орындалуын қамтамасыз ету керек.
Бүгінгі таңда Алматы, Қордай, Екібастұз, Рудный, Семей, Тараз былғары зауыттары әртүрлі себептер бойынша тоқтап тұр. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Бірқатар зауыттардың бюджетке салық төлеу бойынша проблемалары бар, бұл олардың қаржылық жағдайларын одан әрі қиындата түсетіні анық.
Әлихан ТОЙБАЕВ,
Мәжіліс депутаты.