«Қазақстан халқына қоры» қаңтар оқиғасында қайтыс болған 19 бейбіт тұрғынның отбасына көмек көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қордың төрағасы Болат Жәмішев Орталық коммуникациялар қызметінде осындай дерек келтірді.
«Қаңтар оқиғасында кездейсоқ зардап шеккен бейбіт тұрғындарға «Қазақстан халқына қорынан» көмек көрсету мәселесі құзырлы органдардың тергеу мәліметтеріне байланысты. Өйткені біз қоғамдық қор болғандықтан, кімнің кездейсоқ құрбан екенін айта алмаймыз. Қамқоршылар кеңесі кездейсоқ қайтыс болған бейбіт құрбандардың отбасыларына көмектесеміз деген шешім қабылдаған болатын», деп түсіндірді Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, қаңтар трагедиясы кезінде қайтыс болғандардың туыстарынан, азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, омбудсменнен өтініштер түсіп жатыр.
«Біз бұл ақпараттың бәрін құзырлы органдарға жолдап, жауабын күтеміз. Алғашқы жауапты алдық. 19 адамның тізімі болды. Мамыр айында одан басқа тізім алған жоқпыз. Мен тергеу әрекеттері аяқталуына қарай ондай тізімдерді толық аламыз деп топшылаймын. Қаңтар оқиғасына кінәлі деп танылған адам болса, оның отбасына көмек көрсетпейміз. Қамқоршылар кеңесі осындай шешім шығарған.
Тергеу әрекеті аяқталғаннан кейін қаңтар оиғасына кінәсі бар екені туралы мәлімет келмеген адамдар біз үшін бейбіт құрбан болып есептеледі. Оларға да көмек көрсетеміз. Сонда бәрі тергеу әрекеттерімен байланысты. Қазір өтініш жолдап жатқандардың бәріне осыны түсіндіріп отырмыз. Үкімет қайтыс болғандардың жалпы санын атағанын білесіздер. Солардың көпшілігінің туыстары өтініш жолдады деп айтуға болады», деді қоғамдық қор төрағасы.
Аяна Тоғанбек