• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2014

Ынтымақтастық жиындар арқылы нығаяды

265 рет
көрсетілді

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 16-17 сәуір күндері Санкт-Петербургте Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) Кеңесінің, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің және ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының отырыс­тары өтті. Оның жұмыстарына Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов қатысты. Ретіне қарай тоқталатын болсақ, парламентарийлердің бейсенбідегі жиыны ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отыры­сы­­­нан басталды. Оған Ресей Мем­ле­кеттік Думасының Төрағасы Сер­гей Нарышкин жетекшілік етті. Отырыста қаралған және тал­­қыланған мәселелер өзек­ті­лігі­мен ерекшеленеді. Өйткені, ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер алдында өңірде қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, заңсыз есірткі зат­та­рының айналымымен, сондай-ақ, терроризммен және экстремизм­мен күрес мәселелері тұр. Бұған Ауғанстандағы саяси-эконо­ми­ка­лық жағдайларды да қосуға болады. Осының барлығы көп болып бір­лесе іс-қимыл жасауды қажет етеді. Отырыста ҰҚШҰ-ға Ресей Федерациясының төрағалығы кезінде атқарған жұмыстарының басымдықтарымен қатар, Ұйым­ның қызметі туралы баяндама да тыңдалды. Онымен ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа таныстырды. Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұйымның саяси салмағы соңғы жылдары арта түскенін айта келіп, ҰҚШҰ-ның қызмет ету тетіктерін жетілдіруді жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сенат Төрағасы Парламент­аралық Ассамблеяның іс-шара­лары барысында бірқатар әріп­тес­терімен екіжақты кездесулер өткізген болатын. Ресей және Беларусь парламенттері спи­кер­лерімен кездесуінде Қ.Тоқаев Украинадағы саяси жағдайға біздің еліміздің алаңдаушылық білдіретініне, ондағы ахуалдың әрі қарай ушығуы қатерлі зардаптарға соқтыруы мүмкін екендігін сөз ете келіп: «Украина билігінің бірінші кезектегі міндеті ішкі тартыстарды азайту болуы тиіс», – деп атап өтті. Ал ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысында парламенттер жетекшілері оншақты мәселелерді қарастырды, солар жөнінде өз тараптарынан ұсыныс-пікірлер білдірді. Жалпылай алғанда, ТМД Парла­ментаралық Ассамблеясы өткен жылы қанағаттанарлықтай жұмыс істеген сияқты. Оны Ассамблеяның тұрақты комиссиялары ұсынған отызға жуық үлгі заң жобаларынан, сондай-ақ, ТМД елдерінің ұлттық құқықтық жүйелерін жақындатуға бағытталған құжаттар топтамасынан көруге болады. Міне, бұл Парламенттік Ассамблея құрылып, жұмыс істей бастағаннан бері өз миссиясын ойдағыдай орындап келе жатқандығын білдіреді. Санкт-Петербургтегі маңыз­­ды шараның тағы бірі – Санкт-Петербург экономикалық уни­верситетінде өткен «Еура­зия­лық экономикалық болашақ» деген тақырыптағы халықаралық форум болды. Бұл форумды осыдан жиырма жыл бұрын Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев ұсынған Еуразиялық одақ идеясының бүгінгі күнгі жал­ғасы деген дұрыс шығар. Себебі, оған қатысқан белгілі саясат­кер­лер, қоғам қайраткерлері, ғылы­ми қауым өкілдері Еуразиялық экономикалық одақты қалыптас­тырудың құқықтық тетіктері, Біртұтас экономикалық кеңістікті дамыту, тағы басқа да мәселелер жөнінде сөз қозғап, оның болашағы зор екеніне тоқталды. Сонымен қатар, форумда Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істегеннен бергі жылдарда оған мүше мемлекеттер арасындағы сауда айналымының қаншалықты артқаны жөнінде мәліметтер келтірілді. Мысалы, соңғы төрт жылда Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері ара­сындағы өзара сауда көлемі екі есе өсіп, ол өткен жылы 64 миллиард долларды құраған. Сондай-ақ, бүгінде жалпы көлемі 6 миллиард доллар болатын 50-ден астам қазақстандық-ресейлік жобалар жүзеге асырылуда. Бұл интеграциялық байланыстардың нақты көрінісі болып табылады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».