Алматыда қаңтар оқиғасында зардап шеккен азаматтарға 11 млрд теңге төленді. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында «қаңтар оқиғалары» бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 758 қылмыстық іс бар. Негізгі жүктеме Алматы қаласы тергеушілерінің еншісінде, онда 560 іс бар. Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған адамдар осы процестерге көптеген адамдарды мақсатты түрде тартып, оңтүстік астанада ұрлық, тонау жасалуына және қарудың жымқырылуына ықпал еткен. Осы қалада болған жаппай тәртіпсіздік барысында шамамен бір жарым мыңнан астам әртүрлі ғимаратқа шабуыл жасалды, 240-тан астам автокөлік бүлінді немесе жойылды», деді Санжар Әділов Орталық коммункациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның атап өтуінше, тәртіпсіздіктерге қатысушылардың тонау мақсатында арнаулы техника мен ауыр жүкті тасымалдайтын автомашиналармен әкімшілік ғимараттардың қоршауын, банктер мен сауда нүктелерінің қабырғаларын соғып қирату фактілері де бар.
«Адал азаматтар көшелерге шығуға қорыққандықтан бірнеше тәулік бойы пәтерлерінде жасырынуға мәжбүр болды. Қаланың тарихи-мәдени нысандары тағылыққа ұшырады не бүлдірілді. Негізінен бұл Республика алаңының маңында орналасқан нысандар, олар қазіргі уақытқа дейін қалпына келтірілуде. Ал қылмыскерлер келтірген залал миллиардтаған теңгеге бағаланады», деді ол.
Департамент бастығының дерегінше, қылмыстық элементтер азаматтардың автокөліктерінен басқа, медициналық жәрдем көрсетуге және өрттерді оқшаулау үшін шақыру бойынша бара жатқан жедел жәрдем мен өртке қарсы қызметтің автомашиналарын да бүлдірді. Мұнан басқа бұзақылардың жолындағы тұрақтарда тұрған автомашиналар өртенді. Полицияның автомашиналары еш себепсіз жойылды және тоналды.
«Қаңтар оқиғаларының салдарын жою үшін Ұлттық экономика министрлігі «Мемлекеттің жекелеген өңірлерінде тәртіпсіздіктердің нәтижесінде кіші және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу қағидаларын» барынша қысқа мерзімде әзірлеп бекітті. Мемлекет Алматы қаласы бойынша қаңтар оқиғасы барысында зардап шеккен азаматтарға шамамен 11 млрд теңге төледі. Қаңтар оқиғасы барысында автомобильдері бүлінген Алматы қаласының тұрғындарына тағы 258 млн теңге төленді», деді Санжар Әділов.
Аяна Тоғанбек