Қазақ әдебиетіне өз үнімен, өзгеше бояуымен келген белгілі жазушының бірі –Марат Мәжитов. 1973 жылы «Жұлдызда» жарық көрген «Құмдағы із» атты әңгімесімен оқырманын елең еткізген прозаист қаламынан бірнеше повестер мен әңгімелер туды. Әсіресе тәуелсіздіктен кейін жазушы кеңінен көсіліп, «Құныскерей» және «Тобанияз» атты қос роман жазып, әдебиетімізге мол олжа салды.
Бұл шығармаларға арқау болған бас кейіпкерлер өмірде болған, тарихымызда өз орны бар тұлғалар. Бір жағынан, жазушы үшін тарихта болған адам туралы жазу қиын. Өйткені ол туралы ел ішінде аңыз-әңгімелер көп айтылады. Оның қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін айыра білу қажет. Осындай кедергіге қарамастан Марат ағамыз тарихтың бір қойнауында құмға көміліп қалған тұлғаларды аршып, олардың өмір жолы мен бастан кешкен оқиғаларын көркем тілмен оқырмандарына жеткізуін ерлікке бағалауға болады.
Жетпіс жылдан аса үстемдік құрған Кеңес өкіметінің халқымызға жасаған зұлымдығын айтып тауыса алмаймыз. Осы қиянатқа төзбей, басын бәйгеге тіккен ержүрек азаматтар болды. Олар өз қара басының қамын емес, ел намысын биік ұстап бодандық бұғалыққа көнбеді. Сондай есіл ердің бірі –Тайсойған өңірінде өмір сүрген Құныскерей Қожахмет баласы. Құныскерей негізі кеңес өкіметі орнағанда, оған іш тартып, ұлы төңкерістің насихатшысы әрі сенімді адамы саналған. Ол Гурьев пен Теке қалалары арасында кіре тартып, керуен басшысы болған. Құныскерей жөнінде 1920 жылы «Трудовая правда» газетінде жарияланған шағын хабарда: «Гурьевке елден азық-түлік тасып, әсіресе, мал айдап әкеліп, оның етін дайындауда Қожахметов Құныскерей айрықша көзге түсті. Ол өте-мөте іскер, әрі бірбеткей, таза, совет өкіметінің ел ішіндегі сенімді өкілі» деп жазылыпты.
Ал енді жаңа заманды осылай құшақ жая қарсы алған азамат қалай бір демде оған жау болып шыға келді?! Автор ол туралы Құныскерей туралы мақаласында жақсы баяндайды: «1920 жылғы сүмбіле айының 27-жұлдызында (Оралдағы (Теке) мұрағаттан табылған құжатта екі түрлі жазылған, біреуінде – 27-сі, біреуінде – 29-ы) ол екі бірдей тәртіп сақшысын талтүсте ұрып өлтіріп, атқа мініп, бой тасалаған. Бұған: Құныскерейдің қанды көйлек досы әрі құрдасы Жақсылықов Мұхаммедиярды жүйрік атын бермей, тәртіп сақшыларымен жұдырықтасқаны үшін олар ат иесінің жүрегіне қорғасын оқты қадаған, яғни атып тастап жөндеріне кете барғаны себеп болған. Міне, сол қасірет-қайғының үстіне астындағы ақбозын сар желдіртіп, Құныскерей келе қалмай ма... Аржағы «қанға қан, жанға жанмен» аяқталған. Сол күннен бастап, жаңа заманның жауы атанған ол қолына қару алып, «Алла» деп атқа мінгені белгілі».
Сондай-ақ Құныскерейдің кеңес өкіметіне қарсы жасақ жинап, қол астына жүздеген қарулы адамды топтастыру арманы болғанымен, бірақ оны жүзеге асыруға шамасы жетпегенін мұрағаттағы құжаттар дәлелдейтіндігін айтады.
1921 жылдың аяғында Құныскерей 25-30 адамнан қарулы жасақ құрып, өзі соған басшылық жасайды. Алайда Көкжар мен Саралжынның ортасында бұларды 150-дей мұздай қаруланған солдат қоршап алып, оның жасағын быт-шыт қылады. Шайқаста батырдың 6-7 серігі қаза болып, біразы қолға түседі. Осы қолма-қол ұрыста Құныскерей аса мергендігімен, жаужүректілігімен көзге түседі. Соны көрген отряд командирі Николай Антонов: «Мынау адам емес, дию ғой, Құдайым енді мұнымен кездестірмесін» деп жағасын ұстапты» дейді.
Марат ағамыз есіл ер туралы шығарма жазуына әкесі мен ауылдағы қариялардан бала күнінде Құныскерей туралы естіген әңгімелердің түрткі болғанын жиі айтып жүреді.
«Кеңес өкіметі «жау» деп санаған Құныскерей туралы әңгімені біздің ауылдың ақсақалдары оңашада ғана айтып отыратын. Мен соны бала күнімнен естіп, ішімде бір дүбір пайда болды. Балалықпен кейде: «Құныскерей заманында өмір сүргенде соған еріп, атын ұстап, серік болушы едім» деп қиялдайтынмын. Әкем де ол кісімен жақын араласқан. Тіпті ол әкемді он бес жасында ертіп кеткісі келгенде, әжем қарсы болып, жібермепті» дейді автор.
Жазушының әкесі Кәрім қария өмірден көргені мен түйгені мол, болмысы биік, парасатты адам болыпты. Шығармадағы ол кісінің есімі сол күйінде алынған.
«Құныскерей» романының алғашқы кітабы 2012 жылы жарық көрді. Сол шығармаға жазған алғы сөзінде талантты жазушы Тұрысбек Сәукетаев: «Құныскерей – еліміздің батыс өңірінде есімі елге кеңінен мәшһүр, қызыл өкіметпен жан аяспай қидаласып, күллі ғұмырын қуғын-сүргінде өткізген трагедиялық тұлға. Ресми билік оны банды деп маңдайына қарғыс таңбасын жағып, ұрпақ санасынан батыр тұлғасын өшірмек болғанымен, оның асқақ рухы, аяулы есімі ауыздан-ауызға аңыз болып тараған», деп бағасын беріпті.
Роман мазмұны біржақты емес, кешегі мен бүгінгіні, ескі мен жаңаны салыстыра отырып, қилы-қилы шегіністерге барады, сан алуан «тар жол тайғақ кешуді» сараптап, електен өткізеді. Стиль ерекшелігі мен тіл байлығы да шығарманың ажарын ашты. Туынды желісі тартымды, жеңіл оқылады, жазушы жергілікті жерді, оқиғаның шиеленіскен тұстарын ерекше сипаттайды. Автордың бұл романды жазуда көп ізденгені шығармадағы шым-шытырық оқиғалардан байқалады. Қаламгер шығармадағы кейіпкерлерінің жан-дүниесін тамыршыдай тап басып, әр образдың бір-біріне ұқсамайтын характерлерін аса шеберлікпен суреттейді.
Романда Құныскерейдің өмірде ешкімнің ала жібін аттамағаны, өтірік айтпағаны, ұрлық жасамаған әділдігі нанымды бейнеленген. Оның жас күнінде Хасан хазірет пен Мырзағали ахуннан ескіше білім алғандығын жазған. Құныскерей өзімен бірге қоржынында үнемі Құран кітабын алып жүрген. Жазушы шығармасын оқып отырып, Құныскерейдің мергендігіне, ержүректілігіне, батырлығына, ақылдылығына, парасаттылығына тәнті болып, қазақта небір атпал азаматтар болғандығын сезінесіз. Кәрім ақсақал баласына әңгіме арасында Құныскерейдің дауысында үш ерекшелік бар екендігін айтыпты. Біріншісі, қарапайым адамдармен сөйлескенде дауысы жай шықса, ал күңіренгенде тамыры білеуленіп, дауысы зорайып кететін көрінеді. Ал үшіншісі, жер солқылдататын дауысы екен.
Осыған байланысты романда бір эпизод бар. Құныскерей жауларынан қашып, бірде Мұғалжар тауының шатқалдарын паналап жүреді. Соны сезген оншақты адам ізіне түсіп, бір шатқалдан шыға бергенде оған жаңбырша оқ жаудырады. Бірақ оған оқтың ешқайсысы дарымайды. Сол кезде Құныскерей жер солқылдататын дауысымен айқайға басып, шепті бұзып өткен.
Жалпы Құныскерейдің киесі болған. Сол киесі оны талай оқтан қорғап, көтеріп жүретін көрінеді. Жазушының айбынды азамат туралы бірінші кітабы Құныскерейдің Түрікмен жеріне жалғыз өтумен аяқталады. Ал романның екінші кітабында Құныскерейдің Түрікмен еліндегі өмір жолы тарихи деректермен көркем өрілген. Қым-қиғаш тартысқа құрылған шығарма сюжеті оқырманды қызықтыра түседі. Ал шығармадағы Айбала Зәкирқызының күрделі тағдыры өмірдегі шындықтан алынған.
Жазушының шоқтығы биік тағы бір туындысы − «Тобанияз» романы. Бұл шығарма да екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде − Тобанияздың Адай уездік комитетінің төрағасы болып тағайындалғанға дейінгі кезеңдері бейнелі кестеленген.
«Тобанияз – Маңғыстаудың адайы. Алтын мен күмістен түйін түйген зергер. 1928 жылдары Әкем ол кісіні көріп, екі рет дастархандас болыпты. «Мұртты, отырғанда адамдарды сынап отырады» деп айтатын. Содан Тобанияз туралы жазғым келіп, ол жайындағы деректерді қарастыра бастадым. Сол өңірдің тумасы, жазушы Маршал Әбдіхалықовтан сұрап едім, ол ешнәрсе айта қоймады. Әкемнен сұрағанда, ол маған: «Сенің әлің оған келмейді. Тобанияз – қайраткер тұлға, терең ойдың адамы. Ол саған Құныскерей емес, қашып жүріп, соғыса беретін» деп айтқаны бар еді. Содан ол кісі туралы көпке дейін жазуға дәтім бармады. Әбден, материалдарды жинақтап, оны қорытып, пісіріп алғаннан кейін ғана романды жаздым» деді қаламгер.
Тобанияз Әлниязұлы Қазан төңкерісі орнағаннан кейін де қоғамдық істердің бел ортасында жүрген. 1918 жылы Маңғыстау ревкомының төрағасы болып тағайындалған. Елді отырықшылыққа үндеп, үй салдырған. Жұртқа егін еккізіп, бірнеше мектеп ашуға мұрындық болған. Алғаш рет ата-анасыз қалған жетім балаларға арнап балалар үйін ашқан.
Романды оқып отырып, көрнекті қайраткердің өмір жолы, қым-қиғаш, шым-шытырыққа толы екендігін түсіндік. Кемеліне келген елу бес жасында. Кеңес өкіметінің қаһарына ілігіп, 1930 жылы жазықсыз атылып кеткен тұлғаның сан-салалы қызметі мен тіршілік-тынысын жазушы кестелі тілмен, оралымды оймен бейнелеген. Сегіз арыс Адай еліне хан Тобанияз атанған қайраткер образы келісті өрімін тапқан. Романның екінші бөлімінде Әліби Жанкелдиннің Тобаниязды Адай уездік комитетінің төрағасы етіп тағайындағаны туралы баяндалады. Осы шығарманы оқыған Торғайдың бір ақсақалы қаламгерге: «Қазір Әліби Жанкелдин туралы әркім әр түрлі пікір айтып жүр. Бірақ Әлібидің қайраткерлігін сен секілді жазған жазушы сирек» деп жылы лебізін білдіріп, хат жазыпты.
Сонымен бірге суреткердің Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қуғынға ұшырап, «Банды Аманғали» атанған палуан, өнерпаз намысты тұлға туралы жазған туындысы да тартымды жазылған. Сеңгірлі сексенге келсе де қаламгер қаламы әлі бабында. Жазушының тағы бір жемісі − жақында жиырма жасында хан тағына отырған Қасым хан баласы Хақназардың өмір жолын тарихи деректермен көркем сөйлеткен көлемді романы жарық көрді. Бұл шығарма 1538 жылы Қазақ елінің ханы атанған бозбаланың қажыр-қайратына, ұлтына деген сүйіспеншілігіне, асқақ мұратына, ізденіс жолына, біліміне, сарқылмас санасына терең бойлаған. Бір сөзбен айтқанда, сүйекті романда Хақназар мен Қасым хан бір-бірін жетектеп отырғандай сезінесіз. Сол кезде қазақ астанасы саналған Сарайшық қаласының салтанатты да, сәулетті көрінісі оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Сондай-ақ Марат Мәжитов ағамыз ұзақ жылдар бойы «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Ақиқат» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары секілді жауапты қызмет атқарып, қазақ журналистиксында өз өрнегін қалдырды.