Қызылорда облысында жұмыс сапарымен жүрген Amanat партиясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских Жалағаш ауданындағы жетекші шаруашылықтардың бірі «Таң LTD» еңбек ұжымымен кездесті.
Алдымен шарушылық жұмысымен танысқан депутаттар еңбек ұжымына референдумның маңыздылығын, Ата Заңға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар туралы түсіндірді.
– Өңірдің барлық аудандарында болып, түрлі сала өкілдерімен кездесуде әйелдердің зейнет жасын қысқарту, жайылым жер тапшылығы, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу төңірегінде ұсыныстар айтылды. Президенттің референдум өткізудегі шешімі нағыз «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты ұстанымының көрінісі екенін білдіреді. Бұл референдум шын мәнінде Әділетті Қазақстан құру жөніндегі саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарты, – деді Бақытбек Смағұл.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских референдумның маңыздылығы мен адам құқықтарының қорғалуы бағытында енгізілетін өзгерістерге тоқталды.
– Құқық қорғау саласында елеулі өзгерістер енгізілмек. Соның ішінде Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни омбудсмен мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалмақ, – деді депутат.
Іс-шара соңында «Таң LTD» ұжымы ұсынылған өзгерістерге қолдау білдіріп, референдумға қатысуға дайын екендіктерін айтты.