Елордадағы Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесе отырып «Қан тапсыр да, адам өміріне араша түс» акциясын өткізді.
Донорлар қатарын көбейту мақсатында ұйымдастырылған акцияға талапқа қарсы көрсеткіштері жоқ, жасы 18-ге толған тұрғындар қатысты. Ал іс-шараның басы-қасында жүрген азаматтар «Біздің басты мақсатымыз – өмір үшін күресіп жатқан адамдарға қан беріп, тағдырына араша болып, өмір сыйлау», дейді.
Іс-шараға елордалық ҚХА мүшелері, жастар, еріктілер белсенді қатысты. Қайырымдылық акциясының маңызын атап өткен Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімнің бас маманы Галина Кобзева мұндай игі іс-шараларды өткізу дәстүрге айналғанын және жыл бойы ұйымдастырылатынын атап өтті. «Азаматтардың денсаулығының қан өте маңызды бөлігі болғандықтан, біз өз қалауымен донор болуға ниет білдіріп, қайырымдылық акциясына атсалысуға келген жандарға ризашылығымызды білдіреміз», деді Галина Владимировна.
Аталған акцияның маңыздылығы туралы айта отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының өкілі «Осындай қайырымдылық бастамаларын өткізу арқылы біз адамдарды мейірімді болуға және жақын адамымызға көмек қолын созуға жол ашамыз. Ең бастысы, донорға мұқтаж жандардың тілегі орындалатыны жүрекке жылылық ұялатады», дейді.