• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Маусым, 2022

«Алматы – Милан» әуе рейсі ашылады

213 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Рим қаласында Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Луиджи Ди Майомен кездесуінде аптасына 2 рет қатынайтын «Алматы – Милан» әуе рейсін орындау маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тараптар Қазақстан мен Италияның жоғары басшылығы арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын және екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға деген өзара қызығушылықтың артып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар сыртқы саяси ведомстволардың басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуді және стратегиялық әріптестік рухында шарт-құқықтық базаны нығайтуды талқылады. Үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды дамытуға барынша жәрдемдесу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстан СІМ басшысы Италиямен өзара іс-қимыл спектрін кеңейту маңыздылығын атап өтті.

«Италия Қазақстанның Еуропадағы басты сауда серіктестерінің бірі. Біз сіздің еліңізбен ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. Дипломатиялық қатынастардың 30 жылы ішінде біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік», деді М.Тілеуберді.

Өз кезегінде Министр Л. Ди Майо италиялық тарап өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуға мүдделі екеніне сендірді.

«Қазақстан Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Біз Орталық Азия өңіріндегі сенімді серіктесімізбен алдағы уақытта да өзара іс-қимыл жасауға дайынбыз», деп атап өтті итальяндық министр.

Айта кетейік, жоғары деңгейдегі кездесу Италияның Ұлттық күні қарсаңында өтті. Осыған орай, ҚР СІМ басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Президенті Серджо Маттареллаға жолдаған құттықтауын жеткізді. Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды элементі сауда-инвестициялық өзара іс-қимыл екені белгілі. Осыған байланысты Италияның іскер топтар өкілдерімен «дөңгелек үстел» өткізілді. Іс-шараға итальяндық тараптан Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары, Қазақстан-Италия Өнеркәсіп және экономикалық ынтымақтастық және алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағасы Манлио Ди Стефано қатысты.

Іс-шара барысында екі ел арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жолдары талқыланды. Италиялық бизнесмендер Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, машина жасау және жасыл энергетика салаларында өзара тиімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.

«Алматы – Милан» бағыты бойынша аптасына 2 рет жиілікпен тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығы атап өтілді, бұл екі елдің сауда-экономикалық байланысын дамытуға ықпал ететін болады. Италия Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша 2021 жылы Италиядан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 122,8 млн АҚШ долларын құрады.

Елдер арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 2021 жылы 9,6 млрд доллар (экспорт - 8,8 млрд және импорт - 0,8 млрд) құрады.