• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Экология 02 Маусым, 2022

Су ресурстары мәселелеріне арналған ғылыми-талдау орталығы ашылады

831 рет
көрсетілді

Қазақстанда су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығы ашылады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Үкімет су ресурстарын басқаруға қатысты бірнеше шара қабылдап жатыр. Бірінші, трансшекаралық су ресурстарын пайдалануда көршілермен мемлекетаралық су қатынастарын құру кезінде халықаралық су құқығы қағидаттарын барынша іске қосу қажеттігі. Екіншісі суға деген сұраныс артқан жағдайда тапшылықты жоюға қатысты. Яғни қолда бар су ресурстарының әлеуетін сақтап, оларды игеруде интеграцияланған басқару практикасын жақсарту. Сонымен қоса халықты, су жүйелері мен экономика салаларын сумен теңгерімді қамтамасыз етуге мән беріліп жатыр», деді Серік Қожахметов «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресі барысында.

Оның айтуынша, су ресурстарын қорғау, бақылау және пайдалануда бассейндік инспекцияның қызметін күшейту қажет. Себебі бүгінде бассейндік инспекция қызметкерлерінің жүктемесі жоғары болуына байланысты су қорын қорғауда бақылау әлсіреген.

«Жоғарыда аталған су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін «Қазақ Су шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының базасында су ресурстары мен су шаруашылығы проблемалары жөніндегі салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығын ашу жоспарланып жатыр. Мақсат – Су ресурстары комитеті мен бассейндік инспекцияны нығайту», деді ол.