Бүгін, 19 сәуір күні футболдан Қазақстан біріншілігі премьер-лигасы жетінші турының ойындары ойналды. Онда 26 гол соғылды, 5 ойыншы алаңнан қуылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Турдың басты матчы Павлодарда жергілікті «Ертіс» пен «Астана» арасында өтті. Осы кездесуде чемпионат басталғалы бері қақпасын «құрғақ» ұстап келе жатқан меймандарға бірінші гол салынды. Оны 16-минутта айып алаңына жеткен допты дарбазаға дәл бағыттай білген Миодраг Джудович салды. Осыдан кейін екі минут өткенде, Таңат Нөсербаев есепті теңестірді. Бірақ бұл тепе-теңдік ұзаққа барған жоқ, 27-минутта Ұлықбек Бакаев алаң иелерін тағы алға шығарды. Ал тайм соңында бұл шабуылшы пенальтиден гол түсіріп, команданың басымдығын екі допқа жеткізді. Сол сәтте қонақтар сапындағы Атанас Курдов тағы бір жауап доп қайтарып, есепті 3:2-ге кідіртті.
Екінші таймда жоғарыдағы Атанастың дәурені жүрді. Ол алдымен 55-минутта есепті теңестіріп берді. Сосын 76-минутта тағы бір голдың авторы атанып, хет-трикке қол жеткізді. Осы ойында екі ойыншы алаңнан қуылды. Атап айтқанда, 45-минутта меймандардан Аничич осындай жаза алса, 68-минутта Бақаев соның артынан кетті.
Семейде «Спартак» пен Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасында күшті анықталмады. Дегенмен, 7-минутта Бейбіт Тәтішевтің арқасында алға шыққан қонақтар 69-минутқа дейін алда тұрды. Осы артықшылықты Саво Ковачевич бұзып жіберді.
Қостанайда жергілікті «Тобыл» мен Алматының «Қайраты» арасындағы ойында да қарсыластар бір-бірін ала алмады. Матч қонақтардың басымдылығымен басталды. Олар 27-минутта Момоду Сиссейдің, 43-минутта Йосип Кнежевичтің соққан голдары арқасында 2:0 есебімен алда тұрды. Бірақ екінші таймда 4 минуттың ішінде алаң иелері таразы басын теңестіріп үлгерді. Оларды Анатолий Богданов пен Огнен Красич 69 және 73-минуттарда түсірді.
Ал тағы бір тең ойын тіркелген Таразда есеп бұдан да қомақты шықты. Мұндағы «Тараз» бен «Атырау» арасындағы ойын 3:3 есебімен тең тарқады. Ойын барысында меймандар ылғи алға шығумен, алаң иелері теңестірумен болды. Атап айтқанда, атыраулықтар сапындағы Стефан Эссаме (30, 88-минуттар), Савио Нскереко (60-минут) салған голдарға алаң иелерінен Тимур Досмағамбетов (56-минут), Мұрат Тілешев (68-минут) және Йован Голич (90-минут) артынша жауап қайтарып отырды. Бұл ойында үш ойыншы (Голич, 90; Уббинк, 90+3 – «Тараз», Карпович , 90,3– «Атырау») алаңнан қуылды. Олардың бәрі ойын бітіп жатқанда осындай жаза алды.
Бұдан кейінгі екі ойында да алаң иелерінің мерейлері үстем болды. Солардың біріншісінде – Қарағандының «Шахтері» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы үш голды кеншілер салды (Мақсат Байжанов, 7; Шавкат Саломов, 20; Гедиминтас Вичюс, 46). Ал қонақтар бір доптың қарымтасын 90-минутта Мардан Төребектің күшімен қайтарды.
Ақтөбедегі ойын да алаң иелерінің басымдығымен өтті. Жергілікті команда, кеншілер тәрізді, меймандар – Қызылорданың «Қайсар» жасағының футболшыларына қарағанда, анағұрлым ширақ ойнады. Соның нәтижесінде олар үш доп айырымымен жеңіске жетті. Ойындағы бірінші гол 45-минутта Александр Гейнрихтің шеберлігімен салынды. Келесі голды Данило Неко 49-минутта түсірді. Ал соңғы голды 90-минутта Александр Мирошниченко өз есебіне жазды.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: egemen.kz.