1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күнінде Нұр-Сұлтан қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңадан ашылған инклюзивті балабақша 2 жастан 7 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Бақшаның жайлы және жарық бөлмелері оңалтуға қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған. Білім беру бағдарламасы ерекше баланың өз қатарынан қалмай білім алуына бейімделіп құрылған, сонымен бірге тәрбиешілер қолданатын арнайы әдістер баланың білім бағдарламасын толығымен игеруіне көмектеседі.
Аталған жоба Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асуда. Жобаның бірегейлігі ерекше қажеттіліктері бар балаларға алғаш рет Астана медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы тарапынан медициналық-оңалту көмек көрсетілетіндігінде.
Енді бұл бақшаға сөйлеу қабілеті, аутизм спектрі, орталық жүйке жүйесі бұзылған және басқа да ерекшеліктері бар балалар медициналық-педагогикалық көмектің толық кешенін алатын болады.
Балалармен логопед-дефектолог, реабилитолог, балалар невропатологы, педиатр, педагог-психолог, эрготерапевт, кинезиотерапевт, сондай-ақ сурдолог оторноларинголог және нутрициолог секілді тәжірибелі мамандар айналысады. Балабақша АстМУ-дың клиникалық базасына айналады, онда медицина студенттері мектепке дейінгі ұйымдар деңгейінде балаларға көмек көрсету бойынша қосымша біліктілікке ие болады.
«Мектепке дейінгі мекемелерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың бейімделуі жылдамырақ өтеді, себебі дені сау қатарластарының арасында олар әлеуметтік тәжірибеге ие болады.
Президент биылғы жылды балалар жылы деп жариялады және біздің міндетіміз - өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын қамтамасыз ету», деп атап өтті Астана медицина университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Камалжан Надыров.