Балаларды қорғау күні Шымкент Жастар лигасы жобасының жеңімпаздары марапатталды. Турнирдің салтанатты жабылу рәсімі Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтті. Мектепаралық жарыстың қорытындысы шығарылмас бұрын, Лига финалына жолдама алған қос футбол командасы өзара бақ сынасты.
Осы ойынның нәтижесі қай команданың жеңімпаз атанатынын айқындады. Сөйтіп, аса тартысты кездесу барысында Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының командасы №90 жалпы білім беретін орта мектептің командасынан басым түсті. Қорытынды есеп – 3:1.
Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының командасына 20 млн теңге көлеміндегі бас жүлде бұйырды. Тиісінше, екінші орынды №90 жалпы білім беретін орта мектептің құрамасы еншілесе, жүлделі үшінші орынды Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының жас футболшылары жеңіп алды.
Футбол – жасөспірімдер арасында ең танымал спорт түрлерінің бірі. Алайда қала мектептерінің Шымкент Жастар лигасында өнер көрсетуі өскелең ұрпақтың волейбол, баскетбол және шахмат сынды өзге де спорт түрлеріне деген қызығушылығын оятты. Бұл үш спорт түрі де жобаға енгізілген. Сондықтан аталған спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған жарыс жеңімпазына басты марапат ретінде 20 млн теңге көлемінде қаржылай жүлде қарастырылып отыр. Жалпы, жүлде қоры 80 млн теңгені құрайды. Бұл қаражат демеушілер есебінен қарастырылған болатын.
Танымал қазақстандық спортшылардың басым көпшілігінің жеңіс жолы мектеп қабырғасындағы спартакиадаларда бағындырған белестерден бастау алғаны анық. Осы қағиданы қаперге алған жергілікті билік бүгінде мектеп оқушыларының неғұрлым көп бөлігіне үлкен спортқа жол ашу, оларды денешынықтырумен айналысуға және саламатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында жүйелі жұмыс істеп жатқан жайы бар.
Қалада Жастар лигасына деген қызығушылық артып келеді. Былтыр жобаға 140 мектеп қатысқан болса, биыл бұл көрсеткіш 151-ге жетті. Спорттың төрт түрі бойынша ұйымдастырылған жарысқа жалпы алғанда 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Олар футбол, волейбол, баскетбол және шахмат ойнап, кіл мықтыда кім мықтыны анықтады.
– Мен 7-сыныпқа дейін футболмен айналыстым. Ал кейінгі үш жылда баскетболға деген аңсарым ауып, спорттың осы түріне ден қойып кеттім. Өз басым осы ойын түрін оркестрге ұқсатамын. Себебі әр деталь маңызды. Әрбір ұсақ-түйек дүние өзара түсіністікке әсер етеді. Соның барлығы түпкі нәтижеде көрініс табады. Бұл тек алаңда ғана емес, ойыннан тыс уақытта да бағалы дүние, – деді М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы әрі баскетболдан мектеп командасының капитаны Ерсұлтан Ахметбек.
Ерсұлтан күн сайын кем дегенде екі сағат уақытын спорт алаңында өткізетінін жасырмады. Алайда бұл әрекет сабақты жақсы оқуға кедергі келтірмейді. Керісінше, темірдей тәртіпке тәрбиелеп, уақытты дұрыс жоспарлауға, бәріне үлгеру үшін күн тәртібін қатаң сақтауға үйретеді. Мектеп түлегі үшін жаттығу – өмірлік қажеттілікке айналды. Тіпті, баскетболға әуестенгені сонша, алдағы өмірін спортпен ұштастыруға бел байлады.
Әрине, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы оқушыларының былтыр Шымкент Жастар лигасының жеңімпазы атанғаны жақсы мотивация болғаны анық. Сол алғашқы жарыстарда команда түгелге жуық осы құрамда ойнады.
Бір жылдық жаттығу ойын сапасын бұдан да биік дегейге көтеруге мүмкіндік берді. Команда кезекті орасан зор жеңіске жетеріне күмән келтірген жоқ. Балалардың өз өзіне деген дәл мұндай сенімінің артында қажырлы еңбек, ойын техникасын жетілдіру мен ұдайы дайындық тұрғаны белгілі.
– Біз қоржынға салған кезекті 20 миллион теңгені мектеп қандай мақсатта жұмсайтынын білмейміз. Былтыр жүлде қаражатына мектепке арнап интерактивті тақталар сатып алынды. Бұл тақталар оқушылардың білім алуына көп көмектеседі. Мәселен, интернет бар, сурет салуға қажетті дүниені жүктеп алуға, әртүрлі дүниені құрастыруға болады. Бұл мүлдем басқа деңгей. Қаражат мектептегі барлық кабинетті осындай тақталармен жабдықтауға жетті, – деді Ерсұлтан Ахметбек.
Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының құрамасы лига жарыстарына алғашқы рет қатысып отыр. Соған қарамастан волейболшылар командасы жүлделі үшінші орын иеленіп, тамаша нәтиже көрсетті.
– Біз өз нәтижемізге ризамыз. Ең алдымен, бізді жаттықтырған мұғалімге алғыс айтамыз. Мектебімізді жерге қаратқан жоқпыз. Келесі жылы нәтижемізді бұдан да жақсарта түсеміз деп ойлаймын, – деді 9-сынып оқушысы Ақниет Хасанова.
Волейболдан бас жүлде Әл-Фараби атындағы №113 жалпы білім беретін орта мектептің командасына бұйырды. Ал екінші орынды А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының оқушылары иеленді.
Шахмат тақтасындағы шайқастарда О.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің оқушыларына тең келер ешкім болған жоқ. Екінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының зияткерлері иеленді. Үшінші орынды Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының шахматшылар командасы жеңіп алды.
Төрт спорт түрінің әрқайсысында топ жарған бірінші орын иегерлеріне ақшалай жүлделерді Шымкент қаласының әкімі Марат Әйтенов табыстады. Оның бастамасымен былтыр дәл осы ауқымды спорттық жоба бастау алған болатын.
– Шымкент Жастар лигасы қаламызда екінші рет өткізіліп отыр. Жоба ел Президентінің тапсырмасы бойынша іске асырылып, бұқаралық спортты дамытуға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталды. Себебі спорт тек денсаулықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар ерік-жігерді жанып, табанды болуға талпындырады. Бүгінгі турнирдің жеңімпаздары өз мектебінің абыройы мен беделі үшін күресті. Бұл балалар ертең нағыз азамат болып, ел намысын қорғап, Отанға қызмет етеді деп сенемін. Бүгінгі жеңіс сіздердің алдағы өмірлеріңіздің тамаша бастамасы болсын, – деп Мұрат Әйтенов жас спортшыларды жеңісімен құттықтады.
Іріктеу кезеңдері мен жарыстар азды-көпті үш айға созылды. Оны ұйымдастырумен әрі төрешілік етумен денешынықтыру және спорт саласындағы 400-ге жуық маман айналысты. Жаттықтырушылар тек ойынды бағалап қана қоймай, республика чемпионаттарында өнер көрсететін құрама командаларға ең мықты ойыншыларды таңдап алу мақсатында жас спортшыларға мұқият зер салды. Бұл да Шымкент Жастар лигасындағы маңызды ерекшеліктердің бірі саналады.
ШЫМКЕНТ