Батыс Қазақстан облысындағы Шоқтыбай ауылына шапқан қасқыр құтырған болып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елді мекенге екі айға шектеу қойылды. Осы уақыт аралығында ауыл халқы сыртқа шыға алмайды және малын да сатуға тыйым салынды. Түз тағысы төрт адамды жарақаттаған болатын. Оның бірі 4 жастағы бүлдіршін.
Ал қасқыр талаған ауыл иттерінің бүгінде көзі жойылған. Жарақат алған тұрғындарға құтыруға қарсы дәрі салынды. Енді шектеу талабына сай, ауылдағы төрт түлік те түгелдей егіледі.
Дәрігерлер құтыру ауруы адамнан адамға жұқпайтынын айтады.
«Аса қауіпті ауру ошағының тіркелуіне байланысты ауылда тіркелген 3 204 бас жануарды құтыру ауруына қарсы вакцинациялау үшін вакцина және дезинфекциялау жұмыстары үшін 11 550 шаршы метр аумаққа дезинфекциялық ерітінді сұратылды. Шектеу шаралары енгізілгеннен кейін ауру ошағын жою бойынша жұмыстарды Республикалық эпизоотияға қарсы отряд жүргізеді», деді БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Балдай Сапарғали.
Аяна Тоғанбек