• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2014

Қазақстан халқын ұйытып отырған шаңырақ

441 рет
көрсетілді

1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлық негізінде Президент жанынан консультативті-кеңесші орган ретінде өз жұмысын бастаған Ассамблеяның нақты бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі белгіленді. Саяси мәні-маңызы жоғары бұл құрылымның негізгі міндеті – мемлекеттік әріптестік және азаматтық қоғам институттары аясында этносаралық өзара түсіністік пен бірыңғай саяси, құқықтық, мәдени жүйе қалыптастыруға оңтайлы ықпал ету. Жалпы, Мемлекет басшысы Ассамблея құру идеясын 1992 жылы өткен Қазақстан халықтарының бірінші форумында көтерген болатын. Адалдық үшін айтуымыз керек, сол тұстарда Мемлекет басшысы түрлі ұлт өкілдері тұратын, көп конфессиялы, жас тәуелсіз елге мұндай ұйымның қажеттігін терең сезінгенін енді ұғып жүргендейміз. Құрылғалы 19 жыл өткен Ассамблея осы аралықта этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін дүниежүзілік қауымдастыққа сәтімен ұсына білді. Соның нәтижесінде беделі ешкімнен кем түспейтін ұйымға айналды. Қазір әлем халқы, оның ішінде көптеген саяси қайраткерлер татулық пен ынтымақтастықты ту еткен осы қазақстандық модельге қызыға да қызғана қарайды. Сондай-ақ, олар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы идеясы астарында жақсылыққа бастайтын ізгілікті ой жатқанын мойындайды. Бұл модель Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің және Копенгаген, Вена, Женева, Нью-Йорк сынды қалаларында өтіп тұратын халықаралық форумдардың назарына ұсынылды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге келген ресми сапарында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен жіті танысып, разы болды. Ол қазақстандық аталмыш құрылымның жұмысы БҰҰ-ның ұстанымына, бағыт-бағдарына сай келетінін жеткізді. Мұны біз БҰҰ-ның біздің Ассамблеямыздың қызметіне оң баға бергені деп түсінеміз. Сондай-ақ, қазақстандық модельдің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мақсат-мүддесімен сәйкес келетіні туралы да әңгіме өрбіді. Бұл жәйт ЕҚЫҰ-ның Азшылық ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары тарапынан биік мінбеден айтылған-ды. Еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенде, қазақстандық модельдің тұтас мазмұны әлем елдеріне, соның ішінде аталған ұйымға қатысушы мемлекеттердің тіліне аударылғанын айта кетейік. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы – Мемлекет басшысы. Төрағаның екі орынбасары бар. Бұларды аталған қызметке Ассамблея кеңесінің ұсынысы негізінде Қазақстан Президенті бекітеді. Ұйымның жалтақтамай, серпіле жұмыс істеуіне Ата Заңымыз кепілдік беріп отыр. Бұл Ассамблеяның жоғары статусқа ие екенін білдірсе керек. Қазір оған Қазақстанда тұратын түрлі этностық топтардың өкілдерінен құралған 411 адам мүше. Еліміздің өңірлеріндегі Ассамблеяға қарасты құрылымдарға облыс әкімдері жетекшілік етуде. Ассамблея кеңесіне республикалық этномәдени орталықтардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер және облыс әкімдері мүше. Ел тұтастығын, қоғамымыздағы өзара келісім мен татулықты қамтамасыз ету   мемлекет саясатының басты бағыты, айқын мақсаты болғандықтан, этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынасқа ерекше мән беріліп отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда 100-ден аса этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осы этностар негізінде құрылған 818 этномәдени бірлестіктер Ассамблея шаңырағының астына топтасқан. Бұлардың 24-і республикалық статусқа ие болса,  267-сі аймақтық,156-сы қалалық, 371-і аудандық атқарушы органдарға заңды түрде тіркелген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталған ұйымның қызметіне Ата Заңымыз кепілдік береді. Сондай-ақ, 2008 жылы«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды. Бұған қоса, орташа мерзімге (2020 ж.) «Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Ассамблеяның жоғарғы органы – Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін сессия. Бұл сессияда қабылданған шешімдер мемлекеттік орындар мен азаматтық қоғам институттарында қаралатын жағдаяттардан кем емес. Яғни, сессияда қабылданған ұйғарымдар зор маңызға ие. Ассамблея құрылғалы бергі 19 жылдың ішінде сессияда көптеген маңызды тақырыптар талқыланды. Олардың арасында жаңа Конституция қабылдау жөніндегі референдум, Тәуелсіз елімізді дамытудың стратегиясын, Қазақстан ұлттық бірлігі доктринасын қалыптау мәселелері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысшы органы ретінде арнайы хатшылық құрылған. Ол Президент Әкімшілігінің құзырына бекітіліп берілген. Тағы бір ерекше тоқталып өтер жәйт, мемлекетіміздегі этностардың мұң-мұқтажы, қажеттіліктері, ой-пікірлері биік мінбелерден айтылуы үшін  ел Парламентінен этностық топтардың өкілдеріне арнайы орын бөлінді. Соның нәтижесінде, қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде Ассамблея атынан келген 9 депутат бар. Сондай-ақ, еліміздегі этностық бірлестіктердің өкілдері партиялық тізіммен де Парламент Мәжілісіне сайлануға мүмкіндігі бар. Парламент Мәжілісіндегі этностық топтардың өкілдері заң шығару ісінде өз құқыларын пайдалана отырып,тың бастамалар көтеріп келеді. Барлық қабылданып жатқан заңдарды, әсіресе, этносаралық қарым-қатынастарға байланысты құжаттарды саралап, талдау жұмыстарына олардың қосып жүрген үлесі жаман емес. Бүгінде әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының жалпы саны 3334 болса, оның 683-і - этностық топтардың өкілдері. Барлық облыстардағы халық қалаулыларының 20,9, аудандық мәслихаттар депутаттарының 17,6, қалалық мәслихат депутаттарының 28,3 пайызын этностық топтардың арасынан шыққан азаматтар құрап отыр. Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңында көрсетілгендей, елімізде ойы бөтен, нәсілдік, діни, ұлттық, тағы басқадай алауыздық тудыруды көздейтін партиялар  құруға рұқсат жоқ. Яғни, бізде этносаралық қатынас саласы саясатсыздандырылған. Ата Заңның 39-бабы 2-бөлімінде атап көрсетілгендей, Конституция талаптары ескерілмей жасалған кез келген әрекет ұлтаралық келісімді бұзғандық деп есептелетінін айта кетсек, артықтық етпес. Қазақстандағы этностық топтар біртұтас азаматтық-құқықтың және қоғамдық мәртебеге ие. Ел бірлігін ту еткен қазақстандық модель халықты «Әралуандықтан біртұтастыққа» ұранының астына топтастыруда. Этностардың тілі мен мәдениетін қолдау мемлекет саясатының ажырамас бір бөлігі болып қала бермек. Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылған «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы жұртшылыққа қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге ерікті түрде шақырады. Бұған біз түсіністікпен қарауымыз керек. Еліміздегі 214 мектепте түрлі ұлттардың тілінде дәріс өткізіледі. Олардың 76-сы өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде білім берсе, 138-і аралас мектептер. Сондай-ақ, 190 этноағарту кешендері мен лингвистикалық мектептер ашылды. Орыс, ұйғыр, өзбек, неміс (ТМД бойынша тек Қазақстанда ғана бар), корей театрлары халыққа лайықты қызмет көрсетуде. Олардың саны – 14. Этностық бағытта 37 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеуде. Бұлардың арасындағы ірілері республикалық бюджеттен қаржыландырылуда. Ассамблея жанынан этностық мәселелерді талдап отыратын журналист-сарапшылар клубы құрылған. Этномәдени бірлестіктерді қаржылай қолдау мақсатында Ассамблея қоғамдық қоры жұмыс істеуде. Қазақстанның 10 облысы мен Алматы қаласында «Достық үйі» қызмет көрсетуде. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада «Бейбітшілік және келісім» сарайы салынып, пайдалануға берілді. Мұнда Ассамблеяның сессиялары, әлемдік және дәстүрлі діндер съезі және басқа да маңызды жиындар өтіп тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ресей халқы Ассамблеясымен,Татарстан халқы Ассамблеясымен, Қырғызстан халқы Ассамблеясымен келісімге келіп, өзара түсіністікпен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. 2010 жылы «Болашаққа аманат» атты халықаралық жоба ұсынылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні, яғни, 31 мамырда осы жоба аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетте Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылды. Бұл кафедра Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен бірлесе қызмет етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы тәжірибе алмасу мақсатында көптеген елдермен байланыс орнатты. Солардың арасында Франция, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Түркия, Қытай, Ресей, Испания, Голландия, Израиль тәрізді мемлекеттер бар. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүруі Ассамблеяның беделін өсіре түсті. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде ауызбіршіліктің, ынтымақтың дәуірлеуіне лайықты үлес қосып келеді. Оны біз әрдайым ескеріп жүруіміз керек. Қазақстанның тыныштығы үшін атқарылған әрбір істі үлкен-кіші деп бөлмей, оның барлығын бағалай білгеніміз ләзім. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Қазақстан халқы Ассамблеясының сайты. Фото: news.nur.kz.