Шымкент қаласында референдумның заң талаптарына сай өтуіне 900-ге жуық байқаушы бақылау жүргізіп жатыр. Оның ішінде шет мемлекеттерден келген 12 байқаушы бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық-аумақтық, референдум комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевтың айтуынша, үшінші мегаполисте 311 референдум учаскесінде дауыс беру құқығына ие 631 133 сайлаушы тіркелген. Ал референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып, яғни таңғы сағат 7-00 де келген Еңбекші ауданының тұрғыны, тыл ардагері Өркен Әбдреев Қазақстанның болашағы үшін өзінің таңдауын №142 референдум учаскесінде жасады. Қария Әнұранды учаскелік комиссиямен бірге шырқады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Түркістан» сарайында орналасқан №231 референдум учаскесіне келіп, өз даусын берді.