Республикалық референдумды өткізуді ұйымдастыру бойынша Жамбыл облысында 492 сайлау учаскесі жұмыс атқарып жатыр. Комиссия құрамында облыс бойынша 3748 адам бар. Облыс бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 688 мың адам тіркелген, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазіргі уақытқа дейін облыс бойынша 221 мың 242 азамат өз таңдауын жасады. Бұл 32,16 пайызды құрайды. Барлық учаскелік комиссиялар кестеге сәйкес, демалыссыз жұмыс істеуде», дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов.
Сондай-ақ Жамбыл облысында тұратын 38 мың 446 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да дауыс беру үшін тиімді жағдайлар қарастырылған. Оның ішінде 35 мың 731 мүмкіндігі шектеулі азаматтар учаскелерде дауыс береді деп жоспарланса, қалған 2915 азамат үйден дауыс береді деп күтілуде.
«Өңірге халықаралық байқаушылар келген жоқ. Алайда облыс бойынша әр учаскеде 2 бақылаушыдан бар. Жалпы, референдум қоғамның бақылауында. Облыста референдум процесін даярлауға қатысы бар мемлекеттік органдармен және қызмет көрсетуші кәсіпорын басшыларымен бірлесе отырып, ұйымдастыру жұмыстарын атқаруда», дейді Серғали Айдапкелов.