Республикалық референдумды өткізу бойынша Жамбыл облысында құрылған 492 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-ден бастап өз жұмысын бастады. Ал, облыс бойынша 3 сайлау учаскесінде, атап айтсақ, Тараз қаласы, Қордай және Жуалы аудандарындағы әскери бөлімшелерде аумақтық комиссиялардың шешімі негізінде дауыс берудің басталу уақыты таңертеңгі сағат 06:00-ден бастап белгіленген. Жалпы облыс бойынша 688 мың адам референдумға қатысып, өз таңдауын жасай алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жамбылдықтардың дауыс беруіне барлық сайлау учаскелерінде жағдай жасалған. Қазіргі кезде жергілікті тұрғындар референдумға қатысып, дауыс беруде белсенділік танытуда.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің хабарлауынша, бүгінгі сағат 12:00-дегі ақпарат бойынша облыста 379 мың 429 азамат референдумға қатысып, өз таңдауын жасаған. Бұл облыс тұрғындарының 50 пайыздан астамын құрайды. Референдумға дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.