Ақсу қаласы аумағына қарасты Евгеньевка ауылының 22 жастағы тұрғыны Галина Битлянның айтуынша, олар күнделікті әдеттерімен кішкентай ұлы екеуі өзен жағасында серуендеп жүріпті. Сол сәтте үлкендердің қарауынсыз ойнап жүрген екі баланы байқап қалады. Біраз уақыттан кейін жағалауда қалған бір баланы көреді. Екінші бала мұз үстінде секіріп ойнамақ болып тұрғанда, кенеттен су астына түсіп кеткенін көреді. Жұқа мұздың жарылып кеткені анық. Екі баланың да қатты шошығандарынан тіпті айқайлауға дауыстары шықпайды. Ал, Галинаның сәбиін дүниеге әкелуіне бір-ақ апта уақыт қалған-ды. Ойланып тұруға уақыт жоқ. Галина мұздай суық суға түсіп, баланы жағаға қарай сүйреп алып шығады. Сол екі арада көмекке жағалауда жүргендер де жүгіре жетеді. Құтқарушыларды, жедел жәрдемді шақырады. Жедел жәрдем 8 жасар Максимді де, аяғы ауыр Галинаны да ауруханаға шұғыл түрде алып кетеді. Жуырда облыстық төтенше жағдайлар департаменті Галина Битлянды қайсарлық пен ерлік көрсеткені үшін «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылғанын хабарлады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.