• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2014

Сенат бюросы бірқатар мәселелерді қарады

310 рет
көрсетілді

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының бюро отырысы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Бюро мүшелері алдағы 24 сәуір күні болатын Сенат оты­рысының күн тәртібін қарады. Палата отырысына төрт мәселені шығару жоспарланып отыр. Атап айтқанда, сенаторлар «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) заң жобаларын қарайды. Бұл заң жобаларын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев шұғыл қарау қажеттігі туралы айтқан болатын. Одан басқа, Сенат жалпы отырыста Қазақстан мен Өз­бек­стан арасындағы страте­гия­лық әріптестік туралы шарт­ты ратификациялау туралы және Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемле­кеттердің экспорттық бақы­лауының бірыңғай тәртібі туралы келісімнің күшін жою туралы заң жобаларын қарайды. Бас комитеттердің төрағалары палата отырысында заң жобаларын қарауға әзірлік барысы туралы хабардар етті. Сенат бюросында, сондай-ақ, Мәжілісте мақұлданған бірқатар заң жобалары бөлінді. Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының ұсынуы бойынша бюро Оңтүстік Қазақстан облысындағы қалалық және аудандық мәс­лихаттардың бірқатар депутаттарын отандық құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған қызметі үшін Сенаттың Құрмет грамотасымен марапаттау туралы қаулы етті. Одан басқа, Қ.Тоқаев Се­нат Төрағасының орынбасары Қай­рат Ищановқа және Сенат Аппа­ратының басшысы Александр Судьинге ТМД Парламентаралық Ассамблеясының атынан «Достастық» орденін табыс етті. Бюро отырысының соңында Сенат Төрағасы жоғарғы пала­таның депутаттары 28 сәуір мен 5 мамыр аралығында еліміздің аймақтарына аттанатынын хабарлады. Сенаторлар сайлаушылармен кездесіп, әлеуметтік сала және экономиканың нақты секторының кәсіпорындарында болады және Парламенттің қазіргі кездегі заң шығару қызметі мен Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы жұртшылықты хабардар етеді деп жоспарланған.