• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2014

Науқан ерте басталады

371 рет
көрсетілді

Ерте келген көктем шығыс­қа­зақстандық диқандарды дер кезінде егіс даласынан табылуға міндеттеді. Қар әбдекей түсе еріп кеткендіктен, наурыздың екін­ші жартысы мен сәуірдің басында күн күрт жылынып, температура 20-25 градус шамасына дейін көтерілді. Ауа райының жылдағыдан ерте жылынуы өңірдегі шаруашылықтарға топырақтағы ылғалды сақтау және егістік жұмыстарына шұғыл әзірленуді талап етті. Аталған жайт егіс алқаптары мол Зырян, Глубокое аудандарына қолайлы жағдай жасаса, Көкпекті, Боро­дулиха және Шемонайха аудандарына бірқатар қосымша міндеттер артты. Жуырда Бородулиха ауда­­­нының орталығында өткен «Агроөнеркәсіптік кешен жә­не бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігін дамыту» атты көшпелі семинар-кеңесте облыстың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету жө­ніндегі Президент тап­сыр­маларының орындалу барысы талқыланды. Аталған жиынға өңір бас­шысы Бердібек Сапарбаев және облыстағы бірнеше аудандардың әкімдері, ауыл шаруашылығы басқармаларының мамандары мен агросекторда еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешендер мемлекеттің тиімді қолдауының арқасында дамуға бет алды. Айталық, аталған салада жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі субсидиялау көлемі 10-15 млрд. теңгені құрайды. Көктемгі егіс жұмыстарының барысы жайында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүй­сембай Селиханов әңгімеледі. Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы егіс алқаптарын 50 мың гектарға арттыру көзделіп отыр. Облыс бойынша тексеруге тапсырылған тұқым көлемі 88 пайызды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пункт жоғары екен. Бірінші және екінші сұрыпты астық тұқымының да көлемі көбейген. Барлық аудандарға қажетті жанар-жағармай мәселесі де шешімін тапты. Павлодар қаласынан 25 мың тонна жағармай жеткізуге келісімшарт жасалды. Соңғы жылдары тұқым сапасын арттыру бағытында да оң жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, аудандағы Жаңа Шүлбі ауылында орналасқан «Лазарев и К» ЖШС – облыстағы элиталы тұқым өндіретін санаулы шаруашылықтардың бірі. Былтыр мол жиналған өнімді сақтау үшін онда тұқым сақтайтын екі үлкен қамба тұрғызылған. Шаруашылықтың бас агрономы Сергей Левченконың айтуынша, сыйымдылығы 5 мың тоннаға дейін жететін қамбада жоғары сұрыпты күнбағыс, бидай тұқымдары сақталуда. Аудандағы ірі ауылшаруашылық құрылымдарының бірі саналатын «Новая Заря» шаруа қожалығының иелігінде 25 мың гектар егіс алқабы бар. Қазір шаруашылық техникалары науқандық жұмысқа толығымен әзір. Мұнда да мал басы көбейіп келе жатқандықтан, егіс алқабының негізгі бөлігін малазықтық дақылдар құрамақ. Биыл агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа бағыттарын дамыту, бос жатқан жер телімдерін игеру жұмыстарын белсенді жүргізу жос­парланып отыр. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі бағдарла­масы аясында жұмыстар жанданып келеді. – Соңғы үш жылда аграрлық салада 220 келешегі бар жоба жүзе­ге асты. Жобалар Приречное, При­вольное, Бобровка ауылда­рында және басқа елді мекендер­де сәтімен іске асырылып келеді. Бұл ауылдардағы шаруа қожа­лықтарының жетекшілері биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсініп, белсенді жұмыс істеуде, – деді Д. Селиханов. Облыста қолға алынатын жаңа жоба негізінде 2018 жылға дейін әр ауданда үлгілі ауылдар құру жоспарланып отыр. Бұл санатқа бүгінге дейін 16 елді мекен таң­да­лып алынды. Оның ішінде бұрынғы 9 тірек ауылы бар. Аталған ауылдар­ды дамытудың кешенді жос­пары әзірленген. Бородулиха ауданының әкімі Г.Акуловтың айтуынша, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру және серіктестіктер құру жалғасуда. Ағымдағы жылы суармалы алқап аумағын ылғал сақтау технологиясы бойынша 90 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Агроөнеркәсіптік саланы да­мы­туға мемлекеттік қолдаумен бірге ғылым саласы да атсалысуда. Мәселен, Семейдегі Ауыл шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтында топырақтың өнімділік деңгейін көрсететін электронды кар­та әзірленді. Сонымен бірге, арнаулы мамандар түрлі дақылдарды себу, оларды маусым бойы күту, бап­тау кеңестерімен қамтамасыз етеді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданы.