Теннистен Францияның бас шаһары – Парижде өткен «Ролан Гаррос» турнирінің әйелдер арасындағы бәсекесінде Ига Швентекке тең келер ешкім табылмады.
Әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған 21 жастағы Польшаның өкілі Леся Цуренко (Украина), Элисон Риске (АҚШ), Данка Конвинич (Черногория), Чжен Чиньвень (Қытай), Джессика Пегула (АҚШ), Дарья Касаткинаны (Ресей) қапы қалдырып, финалда 18 жастағы Кори Гауффпен күш сынасты. АҚШ-тың өкілі де осы межеге жету үшін бірқатар атақты теннисшіні жолынан ығыстырды. Бірақ WTA рейтингінде 23 орында тұрған Гауфф Швентекке лайықты қарсылық көрсете алмады. Бар-жоғы 1 сағат 10 минутқа созылған бәсеке 6:1, 6:3 есебімен аяқталды. Осылайша, Ига Швентек екінші мәрте аталған жарыстың жеңімпазы атанып отыр. Алғаш рет ол 2020 жылы топ жарған еді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы «Ролан Гарроста» Қазақстанның үш ойыншысы бақ сынады. Александр Бублик пен Юлия Путинцева екінші айналымда сүрінсе, Юлия Рыбакина үшінші кезеңге дейін жетті.