• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2014

Әлем бізден өнеге алады

281 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында «Дамудың сыры – бірлікте, Табыстың сыры –тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуі­мізге байланысты. Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат», деп орынды пікір айтты. Шындығы да солай, біздің басты мақсатымыз біреу, ол –Қазақстандағы ұлтаралық тату­­­лықты сақтау, елімізді әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына енгізу. Тәуелсіз Қазақстанды Отаным деп білетін, отандық экономиканың қарышты қарқынмен өркендеуіне өзінің үлесін қосқысы келетін шынайы патриоттар осынау ұлы мақсат жолын ұстанады. Біз еліміздегі татулықты, экономикалық өркендеуді ештеңеге айырбастамаймыз. Біреулер байлық жиып, шетел асып, енді біреулер тарихи Отанына кетіп жатқанда да Қазақстанды өзінің құтты мекеніне балаған болгарлар үдере көшуді ойлаған жоқ. Өйткені, кіндік кес­кен, өсіп-өнген елден қымбат ел бола ма екен? Дәл қазір мен үшін татулық мекеніне айналған бір ғана ел бар. Ол – Қазақстан. Елбасы орын­ды атап көрсеткендей, Қазақ­станның қуатты елге айна­луы­ның ең басты сыры – көп ұлтты халқымыздың бірлігінде. Біз­дің бірлігіміз әлемдегі барша елге өнеге болып отыр. Жаһан жұр­ты Қазақстандағы татулыққа қызығып та қарайды, қызғанып та қарайды. Біз ұлтаралық бірлігімізді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білуіміз қажет деп ойлаймын. Міне, осы орайда алдағы жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленуінің өзі ынтымағымызды ырысты етуге, бірлігімізді баянды етуге ықпал етеді. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының еліміздегі ұлтаралық татулықты одан әрі бекіте түсудің басты тетігі болғанына әлем елдері назар аударып отыр. Өйткені, Қазақстаннан өзге бірде-бір елде тұрақтылықты бекемдейтін дәл осындай қоғамдық ұйым жоқ. Бірлікті сақтау арқылы біз әлемге өнеге көрсеттік. Юрий КУСТАДИНЧЕВ, «Возрождение» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Атырау облысы.