• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Референдум-2022 07 Маусым, 2022

Ұландықтар ұйымшылдық көрсетті

368 рет
көрсетілді

Ел тағдырына қатысты маңызды оқиғадан Ұлттық ұлан әскери қызметшілері де қалыс қалмай, өз дауыстарын берді. Осы уақытта Ұлттық ұланның 100 пайыз жеке құрамы өз дауыстарын берді. Бұл жөнінде әскери ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Таңғы сағат 6:00-де 5573 әскери бөліміндегі №226 дауыс беру учас­кесіне алғашқылардың бірі болып Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов келіп, конс­титуциялық референдумге дауыс берді. Осылайша Бас қолбасшы бірінші болып жеке құрамды оң өзгерістерге дауыс беруге бастады.

«Ұлттық ұлан әскері еліміздің ты­ныш­тығы мен тұрақтылығына жауапты. Қандай да бір жағдай болмасын құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері жоғары азаматтық жауапкершілік пен биік патриоттық рухты көрсете білген. Референдум арқылы біз еліміздің оң өзгерістері үшін дауыс береміз. Бүгін әр әскери қызметші Жоғары Бас Қолбасшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған өзгерістерге белсенді қатысып, қолдау көрсететініне кәміл сенемін», деді генерал-майор Еркін Ботақанов.

Ұлттық ұлан Бас қолбас­шысының тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар бойын­ша орынбасары, Халық қаһарманы, полковник Қайрат Үмбетовтің айтуынша, әскери бөлімдерде ашылған референдум учаскелерінде дауыс берушілер­дің белсенділігі өте жоғары болған. Әскери қыз­меткерлердің жеке құрамы ғана емес, олардың отбасы да саяси науқанға түгел қатысқан.

Дауыс беру заң бойынша таңғы сағат 6:00-де басталды. Референдумға қатысушылардың басым бөлігі – 18-ге енді толған, тұңғыш рет дауыс беру құқығына ие болған жас сарбаздар.

Елорда құрамасы 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын атқарып жатқан қатардағы жауынгер Райымбек Бекежанов та осындай тұңғыш дауыс берушілердің бірі. «Мен тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретін­де елімізде оң өзгерістердің болғанын қалаймын. Сол үшін бүгін азамат­тық парызымды атқарып, дауысымды бердім», дейді жас сарбаз.

Тараз қаласынан шақырылған қатардағы Ерасыл Кәрібоз да алғашқы рет дауыс беруде. Әскери киім кигелі өткен 7 ай ішінде қызметінің қыр-сы­рын, қоғамдық тәртіптің маңызын, тату­лық пен ынтымақтың баға жетпес құн­ды­лық екенін ұғып қалыпты. «Отаны­мызда бейбіт өмір мен келісім орнап тұр. Соған мақтанамын!», дейді ол.

«Ұйымшылдықпен өткен дауыс беру­дің нәтижесін қорытындылап та үл­гердік. Бізге қарасты барлық 37 жа­бық референдум учаскесінде тіркел­ген­дер 100 пайыз дауыс берді. Заң бұзу­­шы­­лықтар тіркелген жоқ. Сағат 12-де то­лы­ғымен таңдауымызды жасап үл­­гер­дік», дейді полковник Қайрат Үмбетов.

Айта кетейік, Ұлттық ұланның әскери бөлімдерде сайлау құқығы бар 13 мыңға аса азамат қызмет етеді.