• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Экология 07 Маусым, 2022

Жаңа еңбек маусымы ашылды

363 рет
көрсетілді

Елордада жастар еңбек жасақтарының жаңа жұмыс маусымы ашылды. Осыған орай өткен іс-шараға еліміздің әр өңірінен 50-ден аса белсенді қатысты. Олар экологиялық тақырыптарды талқылап, шеберлік сабақтарынан пайдалы ақпарат алды.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы жастарды маусымдық жұмысқа орналастыру, қалалар мен елді мекендерді абаттандыру, жастарды патриоттыққа тәрбиелеумен айналысатын қозғалыс.

Іс-шара аясында үш күн бойы экология және әлеуметтік жобалау сала­сындағы жетекші сарапшылардан нету­оркинг, тренингтер және шеберлік са­ғаттар, тақырыптық алаңдар ұйымдас­тырылды. Атап айтсақ, экологиялық жобаларды бизнеске айналдыру туралы «Тұрақты бизнес стратегиясы» атты шеберлік сабақ; әртүрлі сұраныстар бойынша жобаны қалай дұрыс жазу керек, әлеуметтік жобаны құру бо­йынша қадамдық нұсқаулар, гранттық конкурстарға өтінімдерді дайындау кезіндегі типтік қателер талқыланған «Әлеуметтік жобалау» атты тренингі өтті. Сонымен қатар қазіргі жастар арасында тренд болып жатқан мобилография курсы бойынша «Мобилография негіздері» тренингінде қатысушылар телефон камерасы арқылы суретке, видеоға түсіру шеберлігін үйренді.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы жетекшісінің орынбасары Әлішер Қардашов 2021 жылдан бастап ел бойынша 30 мың жас маусымдық-экологиялық жұмыстарға тартылғанын айтты. Осы жылы да 30 мың жасқа жұмыс беру жоспарланып отыр.

– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты ретінде жастардың экологиялық сауатын арттыру көзделіп отыр. Әр облыстың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, бір өңір экологиялық акциялар жасаса, басқа бір облыс көбірек тал егеді және оның тиімді жақтарын біледі. Еліміздің барлық облысы арасында экологиялық тәжірибе алмасу үшін осы іс-шараны ұйымдастырдық. Жастарды жаңа жұмыс маусымына дайындап, ерекшеліктерді айту, қабылданып жатқан жаңа жобалар туралы ақпарат беру өте маңызды, – деп түсіндірді Әлішер  Қардашов.

Атырау облысындағы «Жасыл ел» жас­тар еңбек жасақтары штабының менед­­жері Бекарыс Закария әр өңірден кел­ген менеджерлердің тәжірибелерімен жаңа жобаларды іске асырып жатқанын айтты.

– Бұл іс-шараның жастарға беретін мүмкіндігі өте көп. Себебі өзге өңірде ше­шіл­меген мәселелердің шешімі бас­қа бір аймақтардан табылып жатты. Мысалы, Ақтөбенің тәжірибесіне сүйе­ніп қазіргі таңда Павлодардағы экологиялық мәселелердің шешу жолын жүзеге асырып жатырмыз. Енді, өзіміздің өңірдегі табиғат мәселелерін реттеп, жаңа жобаларды қолға алуды ойлас­­тырып отырмыз, – деді Бекарыс Закария.

«Жасыл ел» жобасы бойынша жас­тар тек жазғы каникулда ғана емес, сабақ уақытында да жұмыс істей алады. Мұны Павлодар облыстық штабының менеджері Айбек Ғазиздің тәжірибесінен айқын көруге болады. Бір жыл бұрын сарбаз болып жұмысқа тұрған ол қазір облыстық штаб менеджері ретінде еңбек етеді.

– Алдымен басқалар сияқты, яғни бір ай еңбек етіп, ақшамды алып кетемін, деп ойладым. Бірақ жұмыс барысында осы іске деген қызығушылығым оянып, жұмысымды әрі қарай жалғастырдым. Осы жылдың жаңа еңбек маусымында облыс штабының менеджері болдым. Тәулігіне 8 сағат қызмет етемін. Биыл 11-сыныпты бітірдім. Тек каникул кезінде ғана емес, сабақ уақытында да еңбектеніп, сабағым мен жұмысты бірге алып жүрдім. Таңертең сабаққа барып, түстен кейін жұмысқа үлгеретінмін. Кейде, онлайн құжаттармен әріптестеріме көмек беремін. Болашақта журналист болуды армандаймын, – дейді Айбек Ғазиз.

 

Аружан НАҒАШБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті