Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай Қызылорда қаласында «Бақ Орданың бақытты балалары» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. Алты мыңға жуық бала қатысқан думан орталық стадионда өтті.
Балалар мерекесіне келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев оқушылар әзірлеген қолөнер бұйымдарының көрмесін аралады. Оқушылар үйінен ашылған арнайы студияда журналистика әліппесін үйреніп жүрген балаларға сұхбат берді.
Осыдан кейін барша балаларды мерекемен құттықтап, тілегін арнады.
– Біз ертең ел тұтқасын ұстайтын білікті, білімді ұрпақ қалыптастыруда барлық мүмкіндіктерге жол ашамыз. Биыл әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500 балаға спорт кешендеріне тегін абонемент берілді. Жазғы каникулда 1 мен 10 сынып аралығындағы оқушылардың 97 пайызы әртүрлі сауықтыру, жұмыспен қамту, үйірме, экскурсиямен қамтылатын болады. Балалар жылы аясында демеушілер есебінен қалада 50-ге тарта, аудандарда 30-дан астам спорт-ойын алаңдары пайдалануға беріледі. Жоспарға сәйкес 400-ден аса ірі көлемді іс-шара ұйымдастырылып, оған 165 мыңнан астам бала қатысады, – деді облыс әкімі.
Мерекеде аймақ басшысы халықаралық, республикалық білім додаларында жеңімпаз атанған 10 балаға ноутбук сыйлап, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 100 балаға велосипед табыстады. Осы күні әр ауданда 50 бала велосипедті болды. Түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан, оқуда үздік атанған 20 оқушы Көкшетау қаласындағы лагерьге жолдама алды.
Балалар думаны эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, халықаралық мереке қызылордалық балғындар қуанған күн болды.
ҚЫЗЫЛОРДА