Биыл жыл соңында Қатардың астанасы – Дохада өтетін футболдан әлем чемпионатына жолдама алған 32 команданың 30-ы белгілі болды.
Еуропа құрлығында соңғы жолдаманы (13-ші) сарапқа салған Уэльс пен Украина құрамалары Кардиффите кездесіп, алаң иелері Андрей Ярмоленконың автоголы арқасында 64 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. 33 мың жанкүйер сыятын Cardiff City стадионында өткен кездесудің 34-минутында Гарет Бэйлдің айып алаңына асырған добын қайтаруға тырысқан Андрей Ярмоленко абайсызда өз қақпасына баспен гол соғып алды – 1:0.
Осылайша, Еуропа құрлығының 13-ші жолдамасына қол жеткізген Уэльс Қатарда өтетін әлем чемпионатында Англия, АҚШ және Иран құрамаларымен бірге В тобында бақ сынайтын болды. Уэльс құрамасы осымен өз тарихында екінші мәрте жаһандық додада өнер көрсету құрметіне ие болды. Алғаш рет олар 1958 жылы Швецияда өткен ала доп аламанына қатысып, ширек финалға дейін жеткен еді.