Теннистен Париждегі «Ролан Гаррос» турнирінің финалдық сайысы испаниялық Рафаэль Надаль мен норвегиялық Каспер Рууд арасында өтіп, алғашқысының айқын жеңісімен аяқталды.
Пиреней түбегі тарланының атағы алысқа жайылғанын барша жұрт жақсы біледі. Рууд та осал емес еді. Қазіргі кезде әлемнің сегізінші ракеткасы атанып отырған 23 жастағы скандинавиялық сайыпқыран АТР турнирлерінде сегіз рет топ жарған. Бірақ «Грунт королі» атанған саңлаққа оның әлі жетпеді. 2 сағат 18 минутқа созылған финалдық бәсекеде Надаль қарсыласын 6:3, 6:3, 6:0 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша, ол өзінің туған күніне тамаша сый жасап, «Ролан Гарростың» 14 дүркін чемпионы атанды. Естеріңізге сала кетейік, «Рафа» 3 маусымда 36 жасқа толды.
Одан бөлек Испанияның мақтанышы US open додасын – төрт, Аустралияның ашық біріншілігі мен Уимблдонды – екі реттен ұтты. «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардағы жеңістерінің жалпы саны – 22! Дәл осындай табысымен бірде-бір теннисші мақтана алмайды.