• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2014

Пойыз апаты: себебі белгісіз, сабағы қандай болады?

537 рет
көрсетілді

«Апат айтып келмейді» дей­ді дана халқымыз. Бұған өткен сенбіде, яғни, 19 сәуірде «Алма­ты-Атырау» бағытында қаты­найтын жолаушылар пойызы апатқа ұшырады деген суыт хабарды естігенде, алдымен ойымызға халқымыздың осынау ескертпесінің растығы еріксіз оралды. Оқиға сол күні кешкілік 17 сағат 55 минутта болған. Пойыз апаты Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жантерек-Кенбай теміржол бекеттерінің аралығында орын алған. Сол жолаушылар пойызының құрамында 19 вагон, оның ішінде 16 жолаушылар вагоны тіркеліпті. Осы вагондармен 586 жолау­шы және 26 жолсерік Атырауға бағыт алған екен. Алдын орап айтқымыз келгені, 12 вагонның рельстен шығып кеткеніне, соның ішінде 8 вагонның бір жанына қисайып қалғанына қарамастан жолаушылар арасында адам шығыны болмаса да, әр деңгейде жарақат алғандар бар. Осынау суыт хабар атыраулық құтқарушыларды аяғынан тік тұрғызды. Өйткені, алдымен бәрінен адам өмірі қымбат еді. Жолаушыларды бірінші кезекте құтқару қажет. Пойыз апаты жөніндегі суыт хабардан соң оқиға орнына құтқару қызметінің өкілдерімен бірге шұғыл жеткен облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев төмендегі жайттарды мәлім етті. Оның айтуынша, жолаушыларды құтқаруға Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылымдармен бірге «Қайнармұнайгаз», «Дос­сор­мұ­найгаз», «Ембімұнайэнерго» және «Мақат» ЖӨБ секілді кәсіп­орындар жолаушыларды Мақат ауданының орталығына шұғыл жеткізуді ұйымдастыруға атсалысты. Оқиға орнында 45 медицина қызметкері бар 6 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасады. Сол күні кешкілік 22 сағат 30 ми­нутта екі тікұшақпен Атырау қа­ласына жедел жеткізілген 8 адам­ның үшеуі ауруханаға жатқы­зылды. Оқиға орнынан 435 адам автобустармен және вахталық көліктермен Мақат стансасына, ал 169 адам оқиға орнынан 6-7 шақырымдай қашықтағы Кенбай теміржол бекетінен Мақатқа дейін пойызбен жеткізілген. Ал Мақат стансасында апатқа ұшыраған жолаушыларға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетілді. Мақат аудандық ауруханасына жеткізілген 26 жолаушының алтауы әртүрлі жарақаттармен жатқызылды. Жексенбіге, яғни, 20 сәуірге қараған түнгі 01 сағат 15 минутта Мақат стансасынан 6 жолаушы вагоны бар арнайы пойыз жасақталды. Осы жолаушы пойызымен жолаушылар 03 сағат 10 минутта Атырау қаласына жеткізілді. Жолаушыларды мекенжайларына жеткізу үшін 10 автобус ұйымдастырылды. Медициналық және психологиялық көмек беру үшін 5 жедел жәрдем бригадасы, 4 психолог күтіп тұрды. – «Алматы-Атырау» пойызында болған жолаушылар арасынан ауруханаға түскен 10 адамның екеуінің жағдайы ауыр, – деген Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевтың айтуына қарағанда, қазіргі кезде облыстық ауруханада апат салдарынан зардап шеккен 6 адам жатыр. Ауыр жарақат алғандардың бірінің жағы сынған, беті тілінген. Ал екіншісінің қабырғалары сынған. Бұларға қоса Мақат аудандық ауруханасында төрт адам емделуде. Атырау теміржол желілік бөлімінің бас инженері Жәнібек Жөнтұрбаевтың айтуын­ша, апаттың салдарын жою жұ­мыс­тарына «Қазақстан темір жолы» АҚ-тан 218 адам, 22 бірлік техника, 8 электр стансасы және 2 қалпына келтіру пойызы жұмылдырылған. Жексенбіде, нақтылай айтқанда, 20 cәуірде 05 сағат 57 минутта бүлінген 325 метр теміржол бөлігі қалпына келтіріліп, пойыздар қозғалысы қалпына келді. Айтқандай, теміржолдағы апат салдары толық жойылғанша, 9 жолаушы, 34 жүк пойызының қозғалысы шектелді. Мамандар жолаушылар пойы­зының апатқа ұшырауына себеп болар бірнеше нұсқа қарас­тырылып жатқанын айтады. Арнайы құрылған комиссия нақты не себеп болғанын бір аптадан соң жария етпек. Әзірге апаттың себебі белгісіз, алайда, мұндай апаттан сабақ алу жағы тек арнайы комиссияны ғана емес, баршаны, яғни, қарапайым жолаушыдан теміржолшыға дейін, салалық министрліктегілерді, тіпті Үкіметті де ойлантуы тиіс. Шындығында, бізге осындай оқыс оқиғалардан, техногендік төтенше жағдайдан сабақ алатын кез жеткен жоқ па? Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.