Қай қоғамда болмасын, жұмыс беруші мен жұмысшылар немесе қызметкерлер арасында жалақы төлеу, құқығын шектеу және басқа да мәселелер бойынша даулы проблемалар туындап отырады. Кейде еңбек даулары сот арқылы шешіледі. Ал асқынып кеткен жағдайлар жұмысшылардың ереуілге шығуына алып келеді. Мәселені ушықтырмай, істі сотқа алып бармай, не жұмысшылардың наразылық акт жасауына дейін жеткізбей шешуде үлкен рөл атқаратын қоғамдық маңызы зор институт бар. Ол – кәсіподақ ұйымдары.
Жұмыс беруші мен қызметшілер арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыруда кәсіподақ ұйымдарының рөлі айрықша. Ал кәсіподақтың қызметін заңмен реттеп, оған әлгіндей дауларға араласуға, жұмысшының мүддесін қорғауға өкілдік беру – мемлекеттің міндеті. Осы орайда, жаңа заң қабылданғалы отыр. Яғни, бүгінгі таңда «Кәсiптiк одақтар туралы» заңның жаңа редакциядағы жобасы Мәжілісте қызу талқылаудан өтіп жатыр. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген болатын.
Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында 1993 жылы қабылданған қолданыстағы «Кәсіптік одақтар туралы» Заңда әлеуметтік әріптестік туралы, ұжымдық шарттарды жасасу мен орындау тетіктері туралы түсініктің жоқ екенін атап өтті, соның салдарынан Қазақстандағы кәсіподақ институттары еңбек дауларының алдын алу және шешудің тиімді құралдарының рөлін әр кездері бірдей атқара алмай келе жатқандығын және қазір кәсіподақтар қозғалысын жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға бару қажеттілігін атап көрсетті. Елбасы: «Жағдайды іштей жақсы түсіне отырып, мен мынаны айтқым келеді: жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс», деген болатын.
Үкіметтің заң жобасына берген түсіндірмесінде жаңа заңнамалық актіні әзірлеудің себептері ашық жазылған. Кәсіподақ қызметіне жүргізілген талдаудың нәтижесінде олардың қызметінде бірқатар кемшіліктердің бары анықталған. Атап айтқанда, бұл – кәсіподақ қызметінде бірыңғай саясаттың, республикалық бірлестіктің салалық, өңірлік және жергілікті кәсіптік одақтармен жүйелі жұмысының, кәсіподақтардың және оның мүшелерінің қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігі, кәсіподақтардың жарғысына бірыңғай талаптардың және заң жүзінде белгіленген құқықтар мен міндеттердің жоқтығы. Бұл проблемалар, сайып келгенде, жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасында әлеуметтік үнқатысудың кейбір деңгейде нашар дамығанын көрсетеді.
Осыған орай, Қазақстан жұртшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазіргі кездегі құқықтық ахуал кәсiптiк одақтар туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруді қажет етеді.
Негізгі заң жобасы 7 тараудан, 35 баптан тұрады. Бұл заң актісі қызметкерлердің мүдделерін білдіру және қорғау бойынша кәсіподақ ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыруға, әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алуға бағытталған. Заң жобасының негізгі міндеті кәсіподақтардың қызметін әлеуметтік әріптестіктің әрбір, яғни республикалық, салалық, өңірлік және кәсіпорын деңгейінде қауымдастық негізінде қалыптастыру болып табылады. Осы заң жобасы азаматтардың конституциялық құқығын іске асыруын, яғни кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, оларды қайта ұйымдастыруға және таратуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Негізінен, кәсіподақтардың рөлін күшейту, олардың қызметінің тиімділігін арттыру елімізде әлеуметтік әріптестіктің дамуына тиімді ықпал етеді. Заң жобасының редакциясы жергілікті кәсіподақтың қызметін тек бір ұйым шеңберінде, сондай-ақ, басқа да ұйымдарда кәсіподақтың бастауыш ұйымдарын құру құқығын шектемейді. Жергілікті кәсіподақтарға өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте өз мүдделерін білдіру үшін аумақтық кәсіподақтар бірлестіктеріне ерiктi негiздерде топтасуға, сондай-ақ, салалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте өз мүдделерін білдіру үшін салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымы ретінде кіруге құқық беріледі.
Заң жобасымен кәсiподақтарға жарғыларды, құрылымын дербес әзірлеу және бекіту, кәсіподақ органдарын құру, өз қызметін ұйымдастыру, жиналыстар, конференциялар, съездер және еліміздің заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да іс-шараларды өткізу құқықтары беріледі. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ілеспе заң жобасы да талқылаудан өтуде. Бұл еліміздің заңнамасын «Кәсiптiк одақтар туралы» негізгі заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.
Заң жобасында ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде бiтiмгерлiк комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда, медиация рәсімін міндетті түрде енгізуді қарастыру ұсынылады. Әлеуметтік-еңбек жанжалдарын реттеудің, қоғамдық қауіпті құқық бұзушылықтардың салдарын азайту, әлеуметтік шиеленістің және еңбек жанжалдарының алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында заң жобасында Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға түзетулер енгізіледі. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасын iске асыру мақсатында Еңбек кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңға ұсынылған өзгерістерді қабылдау қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуы профилактикасы, олардың алдын алу және жол бермеу шараларын қолдануда мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметінің тиімділігі мен нәтижелігін арттырады.
Өзім мүшесі болып табылатын Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің шешімімен аталған екі заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік ету міндетінің өзіме жүктелгенін мәртебе санаймын. Қазір Мәжіліс депутаттары заң жобасын талқылауда өте белсенділік танытуда. 200-ге жуық түзетулер мен ұсыныстар келіп түсті. «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасы мемлекетімізге қажетті, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, азаматтарымыздың құқығын қорғайтын заң болып шығады деген сенімдемін.
Ирина АРОНОВА,
Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойынша
жұмыс тобының жетекшісі.