Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялардың VI съезінде республика соттарының алдына үлкен міндеттер қойғаны белгілі. Оларды мүлтіксіз орындау – уақыт талабы. Соған орай аталған съезд өткелі бері алға қойылған іргелі міндеттер біртіндеп жүзеге асырылып та келеді. Мәселен, Парламентте Қылмыстық кодекстің, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің, «Қазақстан Республикасы сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының, сот төрелігін жүзеге асыруды одан әрі жеңілдету, бюрократиялық рәсімдерді азайту мәселелері жөніндегі заңнамалық актілердің жобаларын талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Жоғарғы Соттың бірқатар бастамаларын қолдады.
Енді, міне, осы жұмыстардың айқын дәлелі ретінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми жергілікті соттардың төрағаларымен республикада сот төрелігін жүзеге асыру бойынша 2014 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы кезеңдегі міндеттері туралы онлайн-кеңес өткізді. Онда жоғарыда атап айтқанымыздай, облыстық және аудандық соттардың басшылары, сондай-ақ, департаменттің және оның жергілікті жерлердегі бөлімшелерімен Судьялардың VI съезінде Елбасы берген тапсырмалардың орындалуы, соның ішінде сот төрелігі саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша алғашқы нәтижелері талқыланды.
Жоғарғы Соттың жұмыс тобы Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын әзірлеп, оны кеңінен талқылауға шығарды. Жергілікті Соттарға осы жоба бойынша сындарлы ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, Президенттің Өкімімен бекітілген Қылмыстық заңның және қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделіне көшу жөніндегі бірыңғай мемлекеттік іс-қимыл жоспарын іске асыруға жедел түрде кірісуге тапсырма берілді.
Қ.Мәми азаматтардың соттарға жүгіну санының көбеюі динамикасы сақталып отырғанын, мұның өзі азаматтардың еліміздегі сот жүйесіне деген сенім деңгейінің өскенін дәлелдейтінін атап өтті. Жалпы алғанда, жұмыстың көбейгеніне қарамастан, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы төмендеген жоқ.
Кеңесте жұмыс барысында кемшіліктерге жол берген жекелеген облыстық сот төрағаларының есептері тыңдалды. Бұдан басқа, судья әдебі нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Судьялардың штат санын көбейту туралы Президент Жарлығын іске асыру шеңберінде облыстық және аудандық соттарға судьялыққа кандидаттарды іріктеу рәсімдерін жетілдіру, қойылатын талаптарды күшейту, оларды оқыту және тағылымдамадан өткізу мәселелері бойынша тапсырмалар берілді. Соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылын тиісті деңгейде қамтамасыз ету, жергілікті жерлердегі баспасөз қызметінің жұмысын жақсарту міндеттері қойылды.
Сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында электрондық сот ісін жүргізуді, сот процесін аудио және бейнетіркеу жүйесі мен басқа да ақпараттық-коммуникациялық құралдарды одан әрі енгізуге қатысты тиісті тапсырмалар берілді. Бұл сот ісін жүргізуге қатысушылардың істің қозғалысы туралы ақпаратты жедел алуына, соттың шығарған шешімдерімен және өзге де сот ақпаратымен танысуына мүмкіндік береді.
Кеңес жұмысын қорытындылай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы мемлекет соттардың қызметін қамтамасыз ету бағытында барлық шараларды қабылдап отырғанын, бұл, өз кезегінде, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру бойынша жұмысты күшейтуге міндеттейтінін атап өтті.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».