Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов еліміздегі криптовалюта нарығы назардан тыс қалмайтынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы криптовалюта саласы жайында сөз қозғады.
«Ұлттық банк шешімі кешігіп жатыр деп санамаймын. Әлемдегі басқа да орталық банктер мен қаржы саласын реттеушілер секілді біз де бұл мәселені тыңғылықты зерттеп жатырмыз. Бұл тұрғыда ахуал жекелей әрі орталықсыздандырылған қаржыға байланысты болып тұр. Осы бағытта бізді инновациялардың мүмкіндіктері қызықтырып отыр. Атап айтқанда, тек майнер немесе қандай да бір жеке құрылым қызықтырмайды. Бұл салада жаңа технологиялар қамтамасыз ете алатын инновациялар мен жаңа мүмкіндіктердің маңызы зор. Сондықтан біздің шешім тұрақтылық пен қаржы қызметтерін пайдаланатындардың мүдделеріне теріс әсерін тигізбес үшін егжей-тегжейлі талқылауды жалғастырамыз», деді Ғалымжан Пірматов.
Ол бұл мәселе жан-жақты зерттелгеннен кейін нақты шешім қабылданып, алдағы уақытта жарияланатынын жеткізді.
«Біз бұл нарықты назардан тыс қалдырмаймыз. Аталған технологиялар аясында ұсынылып отырған инновациялар әлеуеті бойынша барынша пайда табуды көздеп отырмыз», деді Ұлттық банк төрағасы.