• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Маусым, 2022

Перзентінің өмірін ұзартқан ана

329 рет
көрсетілді

Бір адамның өмірін сақтап қалудың өзі баға жетпес байлық. Қазіргі кезде елімізде ауыр науқаспен алысып жүрген қаншама адам бар. Өкінішке қарай, дертіне ем таба алмай дүниеден өтіп жатқан жандар да көп.

Бүгінде мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына жет­кілікті көңіл бөлінуінің нәти­же­сінде, еліміздегі дәрігерлер де әр­бір науқастың жанына жалау болып, олардың өмірін сақтап қа­луға бар күшін салуда. Ақ халатты абзал жандардың бұл еңбегі өз жемісін беріп те келеді. Бір ай бұрын Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында білікті мамандармен донорлық бүйректі ауыстыру бойынша жоғары технологиялық операция жасалған болатын. Бұл іске өңір дәрігерлері белсене кі­рісіп, бір адамның өмірін сақтап қалды. Қалалық көпбейінді ауру­ханасында алғаш рет жасалған операция сәтті аяқталып, 22 жас­тағы Ұлдай Ұзақбаева ауруханадан шықты.

Ұлдай талай жылдан бері бүй­рек жеткіліксіздігінің ауыр түрі­мен ауырып келеді. Тіпті зақым­данған екі бүйрегі істен шық­қан ол 2013 жылы диализ аппара­тына таңылған. Қаршадай қыз­дың дерті жанына батқан соң, олар отбасымен Қарақалпақстан елінен Тараз қаласына көшіп ке­ліпті. Отбасында Ұлдайдың өзінен басқа төрт бауыры бар екен. Әкесі де ауыр сырқаттан бақилық болыпты. Тағдыр тауқыметіне тап болған бойжеткеннің анасынан басқа сүйенер ешкімі де қалмаған. Перзентінің дерті жанына батқан ана облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке өзі өтінішпен шығып, отбасындағы жағдайды жеткізеді. Бұл жағдайдан хабардар болған өңірдің бас дәрігері жедел шешім қабылдап, баласының жағдайына алаңдаған ананың тілегімен донорлық трансплантация бағдарламасын 5 мамыр күні бастап кетеді. Ал бұл бастамаға қуанып, қызының амандығын тілеген Ұлдайдың 56 жастағы анасы донор болуға келісім береді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүйректі транспланттау бойынша хирургиялық операция сәтті өткен. Нұр-Сұлтан қаласынан келген трансплантологтің қаты­суымен Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының хирургтері мен урологтері 5 сағат ішінде жұ­мысты ойдағыдай орындап шық­қан. Бүйректі алмастыру операциясынан кейінгі бірінші тәулікте ағзада жиналған 4 литр зәр сыртқа шығып, бойжеткен өзін жақсы сезінген. Сонымен қатар талдау сарап­тамалары да оң нәтиже көр­­сет­кен. Науқастың жағдайын қалт жібермей бақылып отырған жер­­гілікті дәрігерлер үшінші тәу­лік­тен кейін оны палатаға ауыс­тырған.

Дерті жанына батса да табан­дылық көрсеткен бойжеткен өзіне көмектескен жандардың бәріне алғыс айтуда. «Операциядан кейін есімді жиғанда, маған екінші рет өмір сыйлап, бүйрегін берген анамды еске алдым. Оның жағдайы нашарлап қала ма деп уайымдадым. Телефонмен сөй­лесіп, дауысын естіген соң ғана көңілім орнына түсті. Қазір анам­ның да, менің де жағдайым жақсы. Операциядан кейін, оның нәтижесін көргенде қуанғанымнан жылап жібердім. Оның үстіне он жылдан бері мазалаған ауру әбден шаршатып, титықтатып жіберген соң өмірден күдерімді үзіп те қойған едім. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің бастамасымен дәрігерлер келіп, тез арада донорлық іс-шара басталып кетті. Жұмыс істемейтін анамнан басқа ешкіміміз жоқ біздің барлық шығынымызды ол өзі жеке қаражатынан төледі. Шетелдерде  мұндай операциялардың өте қымбат тұратынын білемін. Қазақстанда да оған оңайлықпен қол жеткізу мүмкін емес. Анам екеуміздің азаматтарға ризашы­лығымызда шек жоқ», дейді Ұлдай Ұзақбаева.

Бүгінде дертінен айығып келе жатқан бойжеткен болашақта музыка пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Өзі де домбыраны шебер шертетін болып шықты. Қазақтың өнеріне, әні мен күйіне құрметі бөлек Ұлдай қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің сту­денті. Аталған жоғары оқу ор­нында денсаулық жағдайына бай­ланысты тегін білім алуда. Ал Ұлдайдың жағдайын бақылап отырған дәрігер Азамат Чупеев алдағы уақытта анасы мен қызы тұрақты түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға қаралып тұруға тиіс екенін айтты. Олардың жағдайы едәуір жақсарған соң ғана дәрігер ауруханадан шығарып, ем-шараларын үй жағдайында жасауға рұқсат беретінін жеткізді.

Талай жанның тағдырына араша болған Тараз қалалық көп­бейінді ауруханасының құра­мында бүгінде нефрология және гемодиализ бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда биыл бүйрек трансплантациясы бойынша 2 ма­ман біліктілігін арттырған. Об­­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының мәліметі бойынша өңірде бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 903 пациент динамикалық бақылауда екен. Оның ішінде бүйрегі ауыс­тырылған 64 адам және бағдар­ламалық гемодиализдегі 722 пациент бар. Қазіргі кезде өңірде дәрігерлерге сенім артып отырған науқастар аз емес. Ал Ұлдай Ұзақ­­баева үшін барша Әулиеата жұртшылығы қуануда. Алдағы уақытта да талай жанның дертінен айығып, қалыпты өмірге оралатынына сенім мол.

 

Жамбыл облысы