Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы – Абу-Дабиде джиу-джитсудан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста 70 мемлекеттен келген 550-ден астам спортшы күш сынасты.
Жекпе-жектің қай түріне де бейім қазақтар бұл жолы да тамаша өнер көрсетті. Жерлестеріміздің арасынан Әли Серік (51 кило) пен Александр Цариков (81 кило, U-23) қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, бас жүлдені олжалады. Алексей Магдеев (45 кило), Шәміл Ермағамбетов (54 кило), Ернат Смағұлов (60 кило), Жәнібек Қанатбаев (67 кило), Руслан Заякин (71 кило), Евгений Зимин (86 кило), Алена Ожередова (71 кило, U-23) финалға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ұтылып, күміс медальды мойындарына ілді. Жартылай финалда сүрінген Дарья Шубникова (71 кило) қола жүлдені еншіледі.
Нәтижесінде, 2 алтын, 7 күміс және 1 қола медальды қоржынға салған Қазақстан құрамасы жалпы есепте үздіктер қатарына қосылды. Ал көш басында Таиланд (ерлер) пен Швецияның (әйелдер) спортшылары.