Кәсіпкерлердің барлығы шалқып өмір сүріп жатқан жоқ. Олардың да несиесі, проблемасы бар. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Павлодар облысына екі күндік жұмыс сапарымен келіп, жергілікті бизнесмендердің мәселелерімен танысты.
Өңір кәсіпкерлері өздерінің құқықтарының бұзылуы және жүйелі проблемалық мәселелері бойынша бизнес-омбудсменге тікелей жүгінді. Мәселелердің едәуір бөлігі кәсіпкерлердің салық органдарымен өзара қарым-қатынасына байланысты екенін атап өткен жөн. Мәселен, «Ақжар Өндіріс» ЖШС басшысы Гүлзира Қазылова биыл 12 қаңтарда Ресейден сепкіш-культиватор сатып алып, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті уақытында ұсынған. Бұл жабдық есептілікті тапсыру сәтінде қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлар тізбесіне кірген. Өтінішті салық органдары тексеріп, сәйкесінше растаған. «Ақжар Өндіріс» ЖШС-де салық есептілігін қабылдау және жанама салықтарды төлеу фактісін растау туралы 2 наурызда берілген хабарлама да бар. Яғни агрофирма адал салық төлеуші ретінде бюджет және ел заңнамасы алдындағы өз міндеттемелерін толық орындады. Бірақ №31 бұйрықпен қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесі кейіннен жаңа мәтінмен баяндалған. Мұндай бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі (ресми жарияланған күні – 2022 жылдың 6 сәуірі) және 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады, сондықтан компания Үкіметтің осы шешімімен келіспейді.
Р.Жүрсінов аталған қаулы бойынша көптеген мәселе туындағанын айтты.
– Біз бұл мәселені республикалық деңгейде көтереміз. Менің ойымша, шикіліктер бар. Мәселені бақылауға аламыз, – деді Р.Жүрсінов.
Ал жеке кәсіпкер Сергей Барт әділет органдарының жұмысына қатысты мәселені көтерді. Ол 2010 жылы сауда-саттықта банктен жылжымайтын мүліктерді, атап айтқанда тұрмыстық ғимарат, өткізу ғимараты, қоймалар, бірнеше жер телімдері мен жер телімін жалға алу құқығын сатып алғанын айтты. Аталған мүліктер қоғамдық сауда-саттыққа шығарылған екен. Жария сауда-саттықтың жеңімпазы болып Сергей Барт танылған. Бірақ кәсіпкер 2010 жылдың 25 тамызында өткен жария сауда-саттықтың жеңімпазы бола тұра, әлі күнге дейін сатып алынған жылжымайтын мүлікті бірқатар себеп бойынша тіркеуші органда тіркей алмай отыр. Әділет департаменті мен банк сатып алынған жылжымайтын мүліктің аумағын дұрыс көрсетпеген болып шықты. Салдарынан бизнесмен сатып алынған базаны 12 жылдан бері рәсімдей алмай келеді.
– Менің ойымша, мұндай жағдай әділет органдарының қызметкерлері өз жұмысына салғырт қарағанынан туындап отыр. Бұл үшін жауапкершілікке тарту қажет. Мен облыс прокурорынан осындай мәселені шешуге қатысуды сұраймын және облыс әкіміне де хабарлау қажет, бұлай жұмыс істеуге болмайды. Жалпы, кәсіпкерлер мемлекеттік органдар тарапынан орын алатын шағымдану, тексеру мәселесін жиі көтерді. Біз кәсіпкерлер үшін соттарға қатысып, кейбір мәселелерге қатысты шағымдану қажет деген шешім қабылдадық, – деді Р.Жүрсінов.
Бизнесмендерді қабылдау барысында онға жуық жеке кәсіпкер Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге облыстың мемлекеттік кірістер органдары екі объектіге бір лицензия берілгені үшін айыппұл мен өсімпұл есептеу жөнінде хабарлама жібергені туралы айтты. «Жаңа Салық кодексі бойынша әрбір объектіге жеке лицензия беріледі, алайда осы объектілерге лицензия алған кезде бір ғана лицензия үлестірілген болатын. Лицензияға қосымша құжат берілді, қосымшада бірнеше объектінің мекенжайы көрсетілді», деген кәсіпкерлер Заңның кері күші жоқ екенін және уәкілетті органның талаптары заңсыз екенін еске салады.
«Лицензияланған қызмет түрлері үшін алым төлеу – бұл енді бұрын-соңды болмаған оқиға!» деген Рустам Жүрсінов таңданысын жасырмады. Ол осы және өзге де проблемаларды республикалық деңгейде көтеруге уәде берді. Өз кезегінде кәсіпкерлер мұндай пайдалы жиындарды жиі өткізуге өтініш білдірді.
Павлодар облысы