• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Маусым, 2022

Темекі түтіні де қоршаған ортаны ластайды

1018 рет
көрсетілді

Әлемде асқынып тұрған рухани дерттің бірі – темекі тарту. Темекі шегу салдарынан жыл сайын 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Олардың 7 миллионнан астамы – темекіні тұтынушылар және бұрынғы тұтынушылар, ал 1,2 миллионы – темекі түтінінің әсеріне ұшыраған темекі шекпейтіндер.

Ақталу алысқа апармайды

Адамзаттың алып ойы Лев Толстой «Адамды ессіз түрде баурап, небір сорақы әрекеттерге жетелейтін ең қарапайым азғырғыштың түрі «бәрі де солай істейді ғой» деген ақталу» деген тәмсіл айтқан болатын. Темекіге еліктіретін басты себептің бірі де – салдарын зерделемей пайдалану екені даусыз.

Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні аясында Астана медицина универ­ситетінде (АстМУ) Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығының қолдауымен «Нико­тинге тәуелділік және шылым шегу қос­палары, психикалық денсаулыққа әсері, қазіргі кезеңдегі клиника мен профилактика ерекшеліктері» тақырыбында конференция болып өтті.

Жыл сайын 31 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы ресми түрде жариялаған «Дүниежүзілік темекісіз күнді» атап өтеді. Іс-шараға арнайы таң­даулы мамандар қатысып өз ойларын ортаға салды. Конференцияда Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның Қазақ­стандағы кеңсесінің техника­лық сарапшысы, доктор Виталий Стецик сөз алып: «Темекі тартатын адам өз өмірін­де 5 тонна көмір қышқыл газын шығара­тынын білесіз бе? Бір ғана темекі шығару үшін 3,7 литр су қажет екенінен хабардарсыз ба? Темекі тұқылының ыдырауы, жойылуы 10 жылды қажет етеді және одан 7 мың химиялық заттар бөлініп топыраққа сіңеді. Мұндай ойға сыймайтын ақпараттар темекі халықты ғана емес, бүкіл ғаламшарымызды улайтынын айғақтайды» деп көпшілікке ой тастады.

Құрамында цианид, мышьяк, гидрокси қышқылы, көміртегі тотығы және полоний, қорғасын, висмут сынды улы заттар бар темекі тарту денедегі бір ғана мүшеге емес, барлық ағзаға зиян келтіретін бірден-бір әдет.

«Шылым шегу бір ғана мүшеге емес, әрбір мүшеге зиянын тигізбей қоймайды. Біріншіден, темекі түтіні өкпе арқылы өтеді. Мәселен, өкпеге ауа арқылы от­тегі түсіп тұрады, оттегі қантамыр һәм ағза­дағы темір арқылы кислород таратады. Өзіңіз ойлаңыз, егер де адам көп темекі шегетін болса, онда кислород қажетті деңгейде ағзаға жетпейді. Бұл кезде басқа ағзаларда да жетіспеушілік пайда болады. Ауызда қалған темекі түтіні қалдықтары асқазанға түсіп, түкірік жұтқанда ас қо­рыту жүйесіне де кері әсерін береді. Те­мекі­ден ең қатты зардап шегетін мүше ми деп ойлаймын. Алдымен өкпеге тү­тін кетіп, әрі қарай тәуелділік пайда бо­лады. Ал бұл тәуелділік мида туындай­ды. Сондықтан бұл тұрғыда мидың үлесі жо­ғары деп айта аламын», деді №10 қала­лық емхананың СӨС дәрігері Гүлмира Қалиқызы.

Ал «Темекіні тастап кеткен адамда біршама уақыт никотин уы сақтала ма?» деген сұрағымызға, дәрігер: «Мәселен, темекі шегуші ағзасын қаншалықты лас­тады? Көбіне осыған байланысты болады. Кейбір адамдар күніне бір-екі дана ғана шегуі мүмкін, ал біреулер күніне екі қорап темекі шегеді. Бұл қаншалықты ластағанға байланысты» деді.

Еліктеуден туған есірік

Жалпы, темекі сыртындағы неше түрлі қорқынышты суреттер мен те­мекі бағасының жоғарылауы тұтыну­шы­ларды азайта алды ма? ДСМ Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлттық орта­лы­ғы маманы бұл сұраққа: «Әрине! Теме­кінің сыртындағы қорқынышты сурет­терде темекі тартушылар қатарын азай­туға орасан зор ықпал болып отыр деп есептеймін. Қазақстанда темекі өнімдеріне сұраныстың төмендеуі теме­кі шегудің танымалдылығының жалпы төмендеуінің әсерінен де (әсіресе жас­тар арасында), сондай-ақ акциздік салық­тың өсуіне байланысты темекінің қымбат­тауы нәтижесінде де орын алуда.

2019 жылғы ДДҰ-ның GATS Қазақ­стандағы зерттеулерінің мәліметі бо­йынша, темекі шегушілер 2014 жыл 22,9% болса, 2019 жылы 21,5 % болды, 1,4 % азайған. Темекі шегуді тастайтын адамдар қатары да біртіндеп өсіп келеді. 2014 жылы 29,5% болса, 2019 жылы 32,1% болды, 1,6%-ға өсті. Халықтың денсаулығын нығайту үшін тек дәрігерлер ғана емес, қоғам болып күресуіміз керек. Жалпы, қазір елімізде темекімен күрес жобасына байланысты қоғамдық орындарда темекі шегуге, темекі тұқылын көшеге тастауға заңмен тыйым салынған. Темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу және шектеу жөніндегі шаралар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-IV Кодексінде белгіленген. Бұл заң халықтың денсаулығын сақтау мақсатында темекі өнімдерін шектеу мен қолданысын азайтуға бағытталған», деп толымды жауап берген болатын.

Өмірде көріп жүргеніміздей, темекі шегушілердің дені кері әдетті еліктеу нә­тижесінде бастаған. Адамдардың көбі еліктеу деңгейінде ғұмыр кешетінін са­рап­тасақ, олар істің салдарына көз жіберетіні сирек. Мәселен, өнер адам­дарының көбі темекі тартып, алкогольді ішімдік пайдалануы қаншама жастарды сол жолға итермелегені жасырын емес. Елік­теу деңгейінен шығып, өз өрісін таба алған­дар ғана барлық бөгде әдетпен қош айты­сып, қателіктерден арылып жатады. Яғни теме­кімен күресті қолға алу деген оның қора­бының сыртын түрлі түсті қорқы­нышты суретпен безендіру һәм теме­кі­нің бағасын шарықтатумен шек­телмеуге тиіс. Өйткені адам санасы өзгер­мейінше, сыртқы факторлардың өзгергені оған жоғары деңгейде әсер ете алмақ емес.

№10 қалалық емхананың СӨС дәрі­гері Гүлмира Қалиқызы бұл жөнінде: «Адамның өзі ауырып төсекке таңылып, дәрігерлер «бұл темекіден туындады» демейінше, адамның санасына темекінің зиян екені толық сіңбейтіндей көрінеді. Бәрі миға байланысты екені даусыз, темекі зиянының салдары миға толық жетпегеннен соң адамды қойдыру қиын. Қанша наркологиялық орталыққа жатқызып, теме­кінің сыртындағы суреттерді неше түрлі ауыстырса да, мұның бәрінен гөрі адамның жеке ерік күшінің рөлі маңызды деп ойлаймын», дейді дәрігер.

Шынында, адам санасы барлық мүше­нің қозғаушы күші. Сондықтан адамдар көп пайдаланатын көгілдір экрандар мен әлеуметтік желілер арқылы темекінің қате­рі жөнінде бейнебаяндар түсіріп, жазба­лар жазылса септігі тиер еді. Өкінішке қарай, мұндай үрдістер бар болса да, көп емес. Тіпті кейбір жастар темекінің ден­саулыққа зиян екенін әлдеқашан ұмытып үлгерген. Қорабындағы қорқы­нышты сурет пен жаттанды сөзге жасанды наси­хат ретінде қарайды. Мәселен, арнайы ма­ман­дарға жүгіне отыра темекінің сал­да­рынан ауруға ұшыраған адамдармен сұх­баттасып, экран арқылы әртүрлі тағдыр­лар көрсетілсе көптеген көрермен ойла­нар еді. Қадірлі оқырман, сіз темекі сал­дарынан ауырған адамдарды білесіз бе?