Таиландтың Нахонпатом қаласында волейболдан қыздар арасында (U-18) өтіп жатқан Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетуде.
Алғашқы күні жерлестеріміздің жолы болмады. Қытай Тайбэйімен кездесуде бірінші сетті өз пайдасына шешкен олар қалған үшеуінде есе жіберді – 25:21, 21:25, 19:25, 18:25. Келесі ойынды Филиппинмен өткізді. Бұл бәсекеде басымдық біздің қыздар жағында болды – 26:24, 25:19, 25:15. Одан кейін Үндістанмен шеберлік байқасты. Үнділіктер біздің волейболшыларымызға лайықты қарсылық көрсете алмады – 20:25, 25:20, 25:11, 25:14. Алдағы күндері қазақстандықтарды екі бірдей аса ауыр кездесу күтіп тұр. Атап айтсақ, бүгін Жапониямен, ал ертең Қытаймен күш сынасады. Егер жерлестеріміз осы кездесулердің бірінде жеңіске жетсе, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалады.
Келесі топта Иран, Аустралия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Өзбекстан құрамалары өзара тартысқа түсуде. Осы командалар арасынан әзірге алаң иелері мен Парсы елі өкілдерінің қарқыны күшті.