Түркістан қаласында соңғы 3 жылда әлемдік деңгейдегі бірнеше спорт нысаны бой көтерді. Стадион, Olympic Center спорт кешені пайдалануға берілді. «Мұз сарайы», Бекзат Саттарханов спорт кешені салынуда. Ал күні кеше техникалық ашылуы өткізілген салтанатты жиынға 14 жасқа дейінгі еліміздің бірінші ракеткасы, Еуропада топ жарып жүрген Заңғар Нұрланұлы қатысты.
Орталықтың техникалық ашылуына қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады. «Еуропа рейтингісінің чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан Заңғар Нұрланұлы келешекте Джокович, Надаль секілді теннис жұлдызына айналады деп сенеміз. Осы теннис орталығында алдағы уақытта республикалық, халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Жасөспірімдер мен жастарымыз, тенниссүйер қауым осында шеберліктерін шыңдайды», деді Өмірзақ Шөкеев. Словакияда өткен Tennis Europe сериясының Baseline Open U14 екінші санатты турнирінің чемпионы және өзге де додалардың жеңімпазы атанып жүрген жас теннисші Заңғар Нұрланұлы түркістандықтарға жылы лебізін білдірді. «Спорттағы ең алғашқы қадамымды 4 жасымда Түркістан өңірінде бастағам. Спортта ең бастысы – жауапкершілік. Тынымсыз шыңдалу, алдыңа мақсат қою арқылы ғана жеңіске жетуге болады. Күніне 4 сағат жаттығамын. Түркістанға екі жыл бұрын келгем, қазір өзгеріп кетіпті», дейді Заңғар. Tennis Europe ұйымының Монте-Карло қаласында биыл күзде өтетін Junior Masters жарысына орай жаңартылған рейтингінде Заңғар Нұрланұлы 520 ұпаймен бірінші орында тұр. Сұхбаттарының бірінде Заңғар «Үлкен дулыға» турнирін ұту – арманы екенін айтқан болатын.
Түркістандағы теннис орталығының сыртқы фасад жұмыстары мен инженерлік желілері, әкімшілік ғимаратының 1,2 қабаттарында ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңы және автотұрағы бар.
ТҮРКІСТАН