• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2022

Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне енді

431 рет
көрсетілді

Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі Асқар Жұмағалиев Корольдік индустриялық клуб мүшелерін инвестициялау үшін қызықты секторлармен, сондай-ақ мемлекеттің одан арғы даму бағыты жөніндегі жоспарларымен таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дипломат Қазақстан бизнес үшін бәсекеге қабілетті орта құруға ерекше назар аударатынын айтты. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісін мысалға келтірді. Айта кетсек, онда Қазақстан 35-ші орынға ие болды.

«Дүниежүзілік банктің соңғы есебіне қарағанда, Қазақстан бизнес жүргізу бойынша 190 елдің ішінде 25-ші орында. Мен бұрын айтып өткен қаржылық және экономикалық тұрақтылықтан басқа, ел түрлі салаларда жан-жақты мемлекеттік қолдау ұсынады. Біз корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан босату және фискалдық емес ынталандыру: жер учаскесі мен инфрақұрылым сияқты салықтық жеңілдіктерді қамтитын инвестициялық жобаларға қолдау көрсетеміз», деді Асқар Жұмағалиев.

Дипломат инфрақұрылым мен инвестициялық преференциялардың кең спектрін ұсынатын бүкіл Қазақстан бойынша орналасқан 13 арнайы экономикалық аймақ пен 36 өнеркәсіптік аймақ туралы тоқтала кетті.

Оның айтуынша, Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерін, Қытай мен Каспий бассейнін қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушылардың нарыққа тікелей қолжетімділігі бар. Сондай-ақ елде көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған.

«Нидерланд Қазақстандағы бірінші нөмірлі шетелдік инвестор деп ойлаймын. Патшалық біздің елге 105 миллиард доллардан астам инвестиция салды», деп түйіндеді ол.

Корольдік клуб мүшелері преференциялардан басқа, кадр мәселелері, ағылшын тілін меңгеру деңгейі, Қазақстанның климаттық ерекшеліктері және елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы алаңдады.

Сонымен қатар Асқар Жұмағалиев жуырда елімізде өткен референдум, оны өткізу нәтижелері мен Конституцияға енгізілетін түзетулерге әкеп соқтыратын өзгерістер туралы да хабардар етті.