Облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, бизнеске қолдау көрсету мақсатында жылма-жыл бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі өскен. Соның арқасында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қатысушылар саны 3 есе артты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Кәсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы шеңберінде биыл бюджеттен 8 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайыз көп. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 6 млрд теңге, несиені кепілдендіруге 1,9 млрд теңге, мемлекеттік гранттар ұсынуға 106 млн теңге берілді. Бүгінгі күні 76 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды», деді облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Жаңабеков.
Оның айтуынша, одан бөлек, ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында өңірлік бағдарлама іске асырылды. Бұған жергілікті бюджеттен 2013-2022 жылдарға 3 млрд 357 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 531 жоба қаржыландырылып, 718 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл бағытта осы жылы жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді.
Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күнге несие сомасы 510 млн теңгені құрайтын 40 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылған. Алдағы уақытта олармен 46 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Айта кетейік, өңірде 60795 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.
Аяна Тоғанбек