• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Ғылым 09 Маусым, 2022

Отандық ғылымды дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді

4399 рет
көрсетілді

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 25 мамырдағы қаулысымен Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тұжырымдама қазақстандық ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін және оның ұлттық деңгейдегі мәселелерді шешуге қосқан үлесін арттыру үшін ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық немесе тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударады.

Мәселен, жетекші ғылыми мектептерді, Зерттеу университеттерін қалыптастыру және дамыту үшін гранттық қаржыландыру бойынша көзделген қаражат шеңберінде мегагранттар бөлуді қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жоспарлануда.

Әлемдік трендтерге сәйкес ғылыми ұйымдардың, зерттеу университеттері мен зертханалардың ғылыми инфрақұрылымы дәйекті түрде жаңғыртылады.

Бұл ретте қолданбалы зерттеулерді қаржыландыруда жеке қоса қаржыландыру үлесін арттыруға, ғылымның өндіріспен байланысын нығайтуға, нақты секторды, бизнесті ғылыми бөлімшелерді құруға және дамытуға ынталандыруға, басым бағыттарды дербес айқындауға, қажетті ғылыми әзірлемелерге тапсырыс беруге және оларды енгізуге баса назар аударылады.

Сондай-ақ ғалымның әлеуметтік мәртебесін арттыру үшін жетекші ғалымдарға арналған әлеуметтік жеңілдіктер пакетін әзірлеу ұсынылады.

Жас кадрлардың ғылымға келуін ынталандыру үшін жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына 500 қазақстандық ғалымды тағылымдамадан өтуге жіберу, академиялық жазуға, ағылшын тіліне, цифрлық дағдыларға оқыту, ғылыми өтінім мен басқа да қажетті құзыреттер мен дағдыларды әзірлеу, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтарды ғылыми ұйымдарға тарту, қазіргі заманғы ғылым менеджерлерін даярлау бойынша кешенді шаралар іске асырылады.

Бұдан басқа, ғалымдарды ғылымға қосқан үлесі үшін ынталандыру және көтермелеу үшін жыл сайын 2 мың АЕК (6 млн теңгеден астам) мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі.

Сондай-ақ ғылым саласында мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар беру арқылы ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарды көтермелеу жалғасады.

Құжат әзірлеушілерінің пікірінше, тұжырымдаманы іске асыру қазақстандық ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оның елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына үлесін арттыруға, ҒЗТКЖ-ға жеке сектор инвестицияларының өсуіне және ұлттық және өңірлік деңгейлердегі қолданбалы проблемаларды шешуге ықпал етеді.

Тұжырымдаманың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.