Бүгін Президенттің төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы өтті. Жиынға ірі трансұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Отырыстың күн тәртібінде экономиканы көміртегінен арылту ісін дамыту және көміртегін аз пайдалану технологияларын енгізу мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы бүгінгі отырыс халықаралық ахуалдың шиеленіскен жағдайында өтіп жатқанын атап өтті.
«Жаһандық логистика жүйесінің бұзылуы, сауда соғыстары, бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысым – мұның бәрі бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Мұндай жағдайда мемлекет пен бизнес жаңа ойын ережелеріне тез бейімделуі керек. Біз тек осылай ғана бәсекеге қабілеттілігімізді сақтай аламыз», деді Президент.
Қазақстан Президенті инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвесторлардың заңды құқығын қорғау жүйесін жетілдіру мемлекетіміздің стратегиялық міндеті екенін атап өтті.
«Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Бір айта кетерлігі, шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы қазірдің өзінде экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Біз бұл инвестицияларды жоғары бағалаймыз және шетелдік серіктестер алдындағы барлық міндеттемемізді мінсіз орындауға бар күшімізді саламыз. Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын күшейте түседі», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасындағы көміртегін пайдалану көлемін төмендету және экономикалық шығындардың алдын алу үшін атқарылып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, қалдықтарды саудалауға қатысты ұлттық жүйені еуропалық жүйеге жақындату жөнінде Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы туралы мәлімдеді.
«Парниктік газ қалдықтарының үлестік коэффициенттерінің есептеу әдістемесін күшейту бағытында қайта қарауды жеделдету қажет. Есептеу тәсілі еуропалық әдіске сәйкес, яғни саладағы ең озық 10 өндіріс негізінде жасалуға тиіс. Осы ретте өндірістің негізгі ғана емес, қосалқы түрлерін де ескеру керек. Сондай-ақ Еуропа одағының қалдықтарды сату жүйесі сияқты экономика секторларын кеңінен қамту қажет. Кеңес мүшелері іс жүзінде көмек көрсетуге тиіс. Бұл жұмысты келесі жылы аяқтау қажет», деді Президент.
Қазақстан басшысы атап өткен тағы бір маңызды міндет – аумақтарды көгалдандыру және жаңа алқаптарға ағаш отырғызу.
«Менің тапсырмаммен 2025 жылға дейін еліміз бойынша екі миллиард ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Өткен жылы 138 миллион, ал биыл 280 миллион ағаш егілді. Алайда бұл қарқын жеткіліксіз, оны жылдамдату қажет. Кеңес мүшелерін аталған бастаманы қолдап, осы іске елеулі үлес қосуға шақырамын», деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде газ тұтынуға сұраныстың артқанын атап өтіп, көмірді пайдалануды азайту ісінде газ саласының маңызды рөл атқаратынын айтты.
«Газ экспортына қарағанда ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету маңызды екенін қадап айтқым келеді. Үкіметке Теңіз кен орнының акционерлерімен бірлесе отырып, экспортталатын екі миллиард текше метр газды ішкі нарыққа қайта бағыттауды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқанына тоқталды. 2030 жылға қарай еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды.
Сонымен қатар Президент атом энергиясын пайдаланудың маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңартылатын энергияның тұрақсыз және газ тарату ісі шектеулі болған жағдайда «залалсыз» атом үздіксіз энергия берудің жалғыз көзі болады.
Аяна Тоғанбек