Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Мойылды ауылында көкпардан облыстық жарыс өтті. Оны облыс орталығындағы «Ақмешіт» және «Бижан» мешіттері бірлесіп ұйымдастырды.
Көкпар бәсекесіне 6 команда қатысты. Бұл жолғы додаға өңірдегі ат спорты жақсы дамыған Май, Ақтоғай аудандары мен Екібастұз қаласынан бөлек, Аққулы ауданы мен Ақсу қаласы да спортшыларын үкілеп қосқан екен.
– Мақсатымыз – өңірдегі ұлттық ойындардың дамуына үлес қосу. Аймақта ат спортына қызығатын жастар көп. Оларды ынталандыру үшін осындай жарыстар өткізген дұрыс деп ойлаймын. Сол себепті осымен екінші жыл қатарынан көкпар бәсекесін ұйымдастырдық, – дейді Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Әбілқайыр Қылышев.
Тақымды жігіттердің додасы тартысты өтті. Бұған дейінгі жарыстардағы негізгі бәсеке Май, Ақтоғай және Екібастұз көкпаршыларының арасында өтетін. Бұл жолы аққулылық және ақсулық спортшылардың да тәжірибелі қарсыластарға төтеп берер қарқынға ие екенін байқадық.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Май ауданының көкпаршылары иеленді. Олар финалда ақсулық көкпаршылардан айласын асырды. Үшінші орын екібастұздықтарға бұйырды. Олар Аққулы ауданының спортшыларын қапыда қалдырды.
Дода барысында ерекше көзге түскен ақтоғайлық Серікболсын Қазыкен, Май ауданының өкілі Аспандияр Қайролла сынды жігіттер көпшіліктің қошеметіне ие болды.
ПАВЛОДАР