Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін Алматының «Қайрат» клубының бас бапкері болып Кирилл Кекер тағайындалды.
Таяу күндері 42 жасқа толғалы отырған Кекер Бішкекте дүниеге келді. Алғашында өз елі мен Үндістанда ойнады. Тоқсаныншы жылдардың аяғында Қазақстанның «Есіл-Богатырь», «Оқжетпес», «Қызылжар», «Сұңқар» және «Восток» сияқты бірқатар клубтың намысын қорғады. Амплуасы – қорғаушы. Спорттық карьерасын аяқтағаннан кейін бапкерліктің қамытын киді. 2016 жылдан бері түрлі жас ерекшеліктері бойынша «Қайрат» клубын жаттықтырды. 2021 жылы Алексей Шпилевский кеткен соң алматылық команданың бас бапкері міндетін атқарды. Содан кейін Ресей біріншілігінде бақ сынап жүрген «Қайрат-Москваның» тізгінін ұстады.
Қазіргі кезде «Қайраттың» жағдайы мәз емес. Сол себепті де биылғы маусымда Кекерге үлкен сенім артылып отыр.