Әдебиетімізде Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы барынша кеңірек жазылды. Әсіресе қанды қырғынды көзімен көрген Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалмұқан Исабай, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Өтебай Қанахин секілді жазушылар көлемді дүниелер жазып, соғыс сұмдығын көркем сөзбен кестеледі. Сондай-ақ бұл тақырыпқа сол жылдары өмірге келген ұрпақ өкілдері де белсене қалам тербеді. Олар ел басына күн туғанда, қолына қару алған әкелері мен тылда жеңісті жақындатуға жан аямай еңбек еткен аналары мен ата-әжелерінің бастан кешкен қиыншылығын шығармаларына арқау етіп, бірегей туындылар тудырды. Сондай жазушының бірі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханұлы.
Көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаев «Әп-әдемі жатық, образды тілі бар, сезімге әсер еткендей адалдық бар. Шығармашылық бітім тұлғасы жинақы. Асылы, Берік өзін толқытқан шынайы нәрсені жазатын болуға тиіс» деп алғашқы әңгімелеріне жылы бағасын берген қарымды қаламгердің шығармашылығында қилы-қилы тағдырлар, жастық дәурен кезеңі, мөлдір махаббаттың тәтті мұңы, қайырымды жүрек, кең пейіл қазақы мінезге бай ауыл адамдарының іс-әрекеттері келісті көркемделген.
Осындай әсерлі жазылған әңгімесінің бірі – «Нияз шалдың немерелері». Жалпы, бұл туындыны автобиографиялық деп айтуға болады. Өйткені әңгімедегі оқиға Берден деген баланың атынан баяндалады. Ал Берденді автордың өзі деп түсінеміз.
«Жаңа жол» мен «Қызыл қайрат» колхозының балалары оқитын бастауыш мектеп екі ауылдың қоныстануынан жырақ, айдалаға, екі аралықтағы жатаған қоңыр төбенің етегіне салынған, қамыс бұғатының қалыңдығы бір құлаш төбесіне сабан араластыра балшық жатқызған, еңселі ақ тамға орналасқан» деп басталған шағын әңгімеден соғыстан кейінгі ауылдың жүдеу тіршілігі мен сол кезде ғұмыр кешкен адамдардың бір-біріне деген ықыласын, ақжарма пейілін, қанағатшылдығын көріп,сүйсінесіз. Жалғыз баласы әскерде хабар-ошарсыз кетіп, келіні сүзектен қайтыс болып, екі бірдей ауыр қайғыны үн-түнсіз көтеріп, жалғыз немересін жетелеп жүрген қарияның ерік-жігерінің беріктігі мен көнбіс мінезін, төзімділігін жазушы ұтымды детальдар арқылы айшықты баяндайды. Қаламгердің кейіпкер образын бейнелеудегі шеберлігі де тәнті етеді. Мына бір үзіндіге зер салыңыз:
«Шалдың да, баланың да үсті-басы жүдеулеу. Қарттың мына ыстықта басына милықтыра киген түлкі тымағының маңдайлығы мен екі самайының жүні түсіп, жарғақтанған. Қазір қандай мата екенін ажыратуға болмайтын тысына сан жерден жамау салыныпты. Үстінде әр тұсынан түтеленіп, жабағысы көрінген қабулы қара шапан. Белін бөз белбеумен шарт буынып алған. Тізелігінің түгі қырқылып, тақырланып тозған, түсі оңып кеткен ши барқыт шалбарының балағын қара санға дейін шаң тұтқан. Қонышы қатпар-қатпар қыртыстанған көн мәсінің басына киген «әзиат» галошының сүйір тұмсығы мен артына қарай тепкен өкшесіне қайыс жамап бастырған. Өзінің де мына ұзақ жүрістен шаршап, қажыған түрінен кәрілік жеңіп, мұқалған жан екені байқалады.
– Сапар, шырағым, мынау менің немерем, – деді шал қайда тап болдым дегендей жасқаншақ жанарымен жан-жағына үркектей қараған баласын көрсетіп.
– Ә-ә, солай ма, – деді, Сапар шалдың немересіне көз тоқтата. –Жақсы онда. Аты кім? Бері кел, бері таман тұр есіктің алдынан.
– Аты – Өсер. Өсержан, бері келе ғой, қарғам. Мына Сапар ағаңа сәлем бер. Бұл өзіңнің ағаң. Айдар атаңның бір тұяғы, – деді қария төменшіктеп, орнынан қозғала қоймаған немересіне жақындай түсіп: – Момын, аса жуас, бейшара бала, – деді сонан соң Өсердің тым бұйығы тағылау мінезіне әлде ақталғандай, әлде ренжігендей бәсең үнмен».
Жалпы, шығармада алып-жұлып бара жатқан оқиға жоқ. Автор қазақы қоңыр үнімен бір әулеттің жалғыз үмітіне айналған Өсердің бейнесі арқылы, соғыстың қасіретін ғана емес, сол кезеңдегі талай шаңырақтың басындағы жағдайды астарлап айтып, шынайы көркем дүниеге айналдыра білген.
Бала Берден үшін де таяққа сүйеніп, әрең ілбіп жүрген қарт әлдеқашан-ақ бұл өмірден баз кешкен, тек бір мәнейі себептермен кеудеден жаны шықпай, қыбырлап тірі жүрген, тірі жүргенде де Өсер үшін ғана, Өсер жеткенше ғана өзін-өзі сүйрелеп, тоқтамауға бел байлаған, соған бола беріспей, көнбей, тырмысып келе жатқандай көрінеді. Бір кезде Нияз қарияның әулетінде қыруар жан болды, ауру алды, ажал алды, соғысқа кетті, төңірегі әбден тықырланды. Қасында қалған жалғыз қарасыны – қаршадай жетім бала. Қарияның ендігі арманы – артымда осы бір тұяқ қарайып қалса дейді. Әңгімені оқып отырып, әп-сәтте соңына қалай жетіп қалғаныңызды білмейсіз. Түйіні де сәтті аяқталған.
«Бұл күндері «Жаңа жолдағы» көше-көшенің бойында қатарластыра салған шатырлы көп үйлерінің бірінен алды жоғары кластарда оқитын, арты әлі жас үйелмелі-сүйелмелі алты-жеті қара домалақ бала шығып, мектепке барып жүреді. Кейде Берден ауылға келгенде, үйдің жанынан өтіп бара жатқан оларды тоқтатып, алдымен үлкенінен:
– Фамилияң кім? – деп сұрайды.
– Ниязов.
– Онан кейін екіншісінен сұрайды
– Ниязов. Сөйтіп, бәрінен сұрап шығады. Нияз деген кім ол, көрген кісің бе? – дейді біріншіге барып жүрген ең кішісінен. Бала қайдам дегендей иығын қиқаң еткізіп бұның өзіне қарайды. – Папамның фамилиясы ғой, – дейді ересегі мұның өзін кінәлағандай».
Осы сәт автордың көз алдына қара шапанды қара тымақты Нияз шал елестейді. «Бейшара осыны келіп бір көрмейді-ау, –дейді бұл аусар қиялға беріліп. Шіркін-ай, кеткендер сәл уақытқа болса да қайтып келіп, өзінің артын көрер ме еді. Қаншасы тірліктегі істегенінің өкінішіне өртеніп, санын соғып, қаншасы шүкірлігін айтып, қуаныштан көзіне жас алар еді. Нияз шалда бұдан артық тілек, үміт арман болды дейсің бе? Көкірегін сүйретіп жүргенде аңсағаны осы болар да». Шынында да, кеткендер бір сәтке болса да қайтып келсе...