• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Маусым, 2022

Мың сан болмыс – таңғалма

308 рет
көрсетілді

Жазушы үшін жазудан қиын һәм жазудан оңай жұмыс жоқ. Жазу – мехнат, жазу – азап, жазу – рахат. Әрине, ақынның бәрі мықты, жазушының бәрі шебер бола алмайтыны тағы анық. Оның үстіне әдебиетке тек классикалық өлшеммен қарайтынымыз да кейде әділетсіз көрінеді. Әркім өз қадари-халінше жазады, әркім өз биігінде қалады.

Байқасақ, ардың ісіне ба­ланған өнерде жақсы жазу та­лант­қа ғана байланысты емес. Қаламгердің жазуына оның шеберлігінен бөлек, болмысы, мінезі, тәртібі, ғадеті, тұр­мыс жағдайы, күн режімі, тіпті көңіл күйі де әсер етсе керек.

«Түске дейін газет оқымаңыз»

Булгаковтың кейіпкері профессор Преображенский: «Түске дейін кеңестік газет­терді оқымаңыз», деп жар салады. Газет бетіндегі жаңалық­тар бағаны әлдекімнің көңіл күйі мен тәбетін бұзатын болса, енді біреуді жазуға дайындауы мүмкін.

Жазушылыққа дейін Габ­риэль Гарсиа Маркес журналист болғаны белгілі. Автор таң шапағы көрінгенше оянуды жөн көрген. Ең алдымен, таңғы газеттерді оқып, содан кейін ғана жазу­ға отыр­ған. Сондай-ақ Мар­кес қо­нақүйлер мен жалға алын­ған жазу машиналарында жұмыс істей алмайтынын айтады. Оның ойынша, бөлме мен заттар «оның жұмысымен жылынуы керек».

Шынында да, кейде жазуға кірісе алмай отырғанда, бас­қа дүниелерді оқып, оталып алу әдеті қалам ұстап жүр­­ген барша қауымға тән бол­са керек. Оқығанда да – ой қуатыңа қан жүгіртетін тәуір дүниені оқымасаң, профессор Преображенский айт­қандай, газет бетіндегі кей жаңа­лық­тардан түңіліп ке­туіңіз әбден мүмкін.

Нобель алған қарындаш

Ғабит Мүсірепов әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін қарындашпен жазып шыққаны әмбеге аян. Қадыр ақын да өлеңдерін қа­рындашпен жазғанын білеміз. «Өйткені өте ыңғайлы, тұрып та, отырып та, жатып та жаза беремін», дейтін өзі. Сол сияқ­ты Джон Стейнбек те шы­ғар­маларының алғашқы нұсқасын қарындашпен жазатын. Жұмыс істер алдында ол ондаған жақсы ұшталған қарындашын сайлап қояды. Автор қарындаш таңдауда да мұқият болды: ол тек Blackwing өнімін қолданатын. Осылайша, таңдалып, талға­нып алынған қаламнан туған жазулар авторға Нобель, Пу­лит­цер сыйлықтарын алып берді.

Сиқырлы қалпақ

«Қалпақтағы мысық», «Гринч Рождествоны қалай ұрлады» фильмдерімен белгілі америкалық балалар жазушысы, аниматор Теодор Сьюз Гайсел, негізінен «доктор Сьюз» лақап атымен танымал.

Сол доктор Сьюз бас киім­дерді жақсы көріпті. Гай­сел топтамасында 300-ге жуық түрлі қалпақ болған. Шы­ғар­машылық дағдарысқа түс­кен автор самсаған қал­пақ­тардың бірін таңдап киіп, жазу үстеліне отырады екен. Гайселдің барлық туындыларында түрлі түсті һәм түпнұсқа бас­киім киген кейіп­керлер болатыны да содан. Естеліктерге сүйенсек, тіпті қонақтар да кейде жазу­шының үйіне қалпақпен (кез келген емес, ерекше сәнді қал­пақ­пен) келуге мәжбүр болыпты. Қызық...

Түрлі түсті жазу

Жазу кезінде қатаң ереже­лерді ұстанатындардың бірі – модернист жазушы Вирд­­жиния Вулф. Ол күнде таңер­тең биіктігі 90 см болатын жазу үстелінде 2,5 сағат бойы тұрып жазатын. Оған арнайы жасалған мольбертті пай­да­ла­ныпты. Автордың немере ағасы Квентин Белл мұ­­ның бәрі Вулф пен оның әпкесі, суретші Ванесса Белл арасындағы бәсекеден туын­дағанын айтады. Вулф бұл жұмыс әдетін, шамамен 1912 жылға дейін сақтады. Кейі­нірек ол әкесі сэр Лесли Сти­вен сияқты тізесінде фанер тақтасы бар аласа креслода жазатын болды.

Айта кетейік, тұрып жазатын авторлардың қатарында Хэм ағай мен Чарльз Диккенс те бар. Бұ­ған таңғалудың қа­жеті жоқ. Неге де­сеңіз, тұрып жұмыс істеу, ең ал­ды­мен, омырт­қаға пайдалы. Әлқисса.

Вирджиния Вулфтың жазу­да түрлі түсті сияларды пай­­­да­­ланғанын да білеміз. Оның сүйік­ті түсі – күлгін. Ал Алек­сандр Дюма түрлі түстерді шығар­машы­лықта негізгі деталь ретінде қол­дан­ған. Мәселен, ол әр жанрға әр түсті пайдаланды. Көк түс фан­тасти­калық романдардың түсі болса, қызғылт түс мақа­лалар мен көркем әдебиет­тер­ге, ал сары түс поэзияға арналды.

Кафка не деді?

Жазудағы түрлі түсті сия­ның сырын Франц Кафка ашады. Бірде оған замандасы ақын Эрнест Ледерердің өлеңдерін ашық-көк сия­мен ерекше қағазға түсіреті­нін айтыпты. Кафка еш таңғал­мастан, ақынның бұл әрекетін былай деп түсіндіреді: «Әр сиқыршының өз дәстүрі бар. Мәселен, Гайдн мейрам­да­ғы­дай басына жалған шаш қойып, бетіне опа жағып алып музыка шығаратын болған. Жазу – өз табиғатында рухтарды арбау болып саналады». Расында, жазушылардың «оғаш» мінездері мен әрекет­терінің сыры Кафканың осы анықтамасына сыйып тұр­ғандай.