Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар бірқатар заң жобасын қарап, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған заңды қабылдады.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен 5 маусымда өткен республикалық референдумның нәтижесіне тоқталып, азаматтардың ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамаларына қолдау білдіргенін айтты. Сенат Төрағасы ендігі міндет елдің қалауын іске асыру екенін де тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы айтқандай, конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Бұл Парламентке үлкен әрі жауапты міндеттер жүктейді. Конституциядағы өзгерістерге сәйкес ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер енгізуіміз қажет. Осыған орай Сенат жұмысын да пысықтап алғанымыз жөн. Біздің басты мақсатымыз – демократиялық, құқықтық, әділетті және әлеуметтік мемлекет қалыптастыру», деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.
Бұл құжат энергияны үнемдеуге және оның тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар маңызды өзгерістерді көздейді. Заң қабылданған жағдайда энергия үнемдеу саласы үшін субъектілерге бармай-ақ профилактикалық бақылау енгізілмек. Бұл мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілі болатынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді энергия жағынан тиімді сатып алуды енгізу ұсынылып отыр. Сенаторлар аталған заң жобасын мақұлдап, оны екінші оқылымда қарауға жіберді.
Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
«Бұл заң жобасы сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, сондай-ақ, банк қызметі саласын реттейтін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруді мақсат тұтады. Соған байланысты заң жобасында жаңа өнімдерді енгізу, жекелеген талаптарды оңтайландыру және қызметтерді цифрландыру сияқты құқықтық шаралар қарастырылған. Тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау сапасын одан әрі арттыруға арналған қосымша тетіктер де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ Сенат заң жобасының кейбір нормаларын қайта қарауды ұсынып отыр», деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Палата Төрағасы.
Атап айтқанда, сенаторлар жол-көлік оқиғасы кезінде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізуді ұсынды. Олар сақтандыру омбудсмені барлық сақтандыру дауларын міндетті түрде сотқа дейін реттеу тәжірибесін енгізу қажет екеніне де назар аударды. Сенат депутаттары ұсынған осы және басқа да түзетулерді қамтитын заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды.
Мемлекет басшысы заңға қол қойған жағдайда есту қабілеті төмен адамдар сотта ымдау тілі маманының қызметтерін тегін пайдалана алады. Сондай-ақ сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік туады. Ал мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдар бар азаматтарға өтеусіз заң көмегі көрсетіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органға министрлердің, аудан, қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі.
Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау күшейтіледі. Жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуі және оның инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті бюджетке аударатын шығыстарының бір бөлігі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталады.
Заң жобасымен таныстырған сенатор Ақмарал Әлназарова бүгінде елімізде 98 мыңнан астам мүгедектігі бар бала бар екенін айтып: «Олардың жыл сайын тек 6,7 % ғана санаторийлерде оңалтудан өтеді. Қалғандары үшін бұл қызмет қолжетімсіз болып қалуда. Себебі, қолданыстағы заңнамада санаториялық-курорттық ем алу кезінде ата-анасының немесе қамқоршысының алып жүру шығындарын өтеу көзделмеген», деп атап өтті. Осыған орай құжатта санаториялық-курорттық емдеуге алып жүретін ата-анасына, яғни заңды өкіліне бірінші қажеттілік болып саналатын шығыстарының құнын өтеу (70%) жолдары қарастырылып отыр.
«Бұл бастама шалғай аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына жан-жақты санаториялық-курорттық ем-дом алуға жол ашады және 2025 жылға қарай сауықтыру шараларын алушылардың саны шамамен 3 есеге артады», деді сенатор.
Тағы бір айта кетерлігі, заң жобасында мүгедектікті сырттай анықтау және төтенше жағдай кезінде мүгедектік мерзімін автоматты түрде ұзарту ұсынылған. Сонымен қатар, III топтағы мүгедектігі бар адамдар құқықтық және техникалық мәмілелер жасау кезінде жеке нотариустардың қызметтеріне ақы төлеуден босатылып, нотариустардың тегін қызметіне ие I және II топтағы азаматтар қатарына қосылады. Сондай-ақ автобус парктері арбаға арналған пандустары бар автобустардың белгілі бір мөлшерін сатып алуға міндеттелетін болады.
«Заң мүгедектігі бар адамдарды қорғау және қолдау саласында шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселені шешуге арналған. Сондай-ақ бұл бағыттағы әлеуметтік саясатты іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіруді көздейді. Кедергісіз орта қалыптастыруға арналған ережелер де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта бұл заң мүгедектігі бар адамдардың құқығын тиімді қамтамасыз етуге тың серпін береді деп сенеміз. Сенаторлар аталған бағытты үнемі назарда ұстап, тиісті заңнамалық жұмысты әрі қарай жалғастыра береді», деді Мәулен Әшімбаев.
Заңда еліміздің 11 кодексі мен 65 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.
Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Сенатор Дана Нұржігітова Үкімет басшысына әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ге дейін төмендету мәселесін қарауды ұсынды. Ол Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында 2015 жылы әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы шешім Қазақстанда 71 жасты құрайтын орташа өмір сүру ұзақтығын ескере отырып қабылданғанын еске салды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70 жасқа дейін төмендеді. Сонымен қатар, 2020 жылы пандемияға байланысты елімізде өлім-жітім 22%-ға өсті.
Дана Нұржігіт осыған байланысты БҰҰ болжамдарына негізделген 2015 жылғы зейнетақы реформасы 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жасты және ерлер үшін 70 жасты құрайды деп есептейді. Сенатордың пікірінше, әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді.
«Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Соңғы кездері Үкіметтің зейнетақы саласына назар аударып, ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын қайта қарауды қолға алып жатқанын білеміз. Осыған байланысты, азаматтардың сенаторларға жолдаған көптеген өтініштерін ескере отырып, әйелдердің 58 жасында зейнетке шығу жасын белгілеуді, ал еңбегін одан әрі жалғастыру мәселесін өз еркіне қалдыруды ұсынамыз», деді Дана Нұржігіт.
Палата отырысында Әбдәлі Нұралиев белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын лайықты деңгейде атап өту мәселесін көтерді. Көрнекті тұлғаның мерейтойын лайықты атап өту үшін сенатор халық жазушысының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм түсіру жөнінде ойын білдірді. Сонымен қатар депутат халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, танымдық іс-шаралар өткізуді, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы көшелерге, сондай-ақ елордадағы жаңадан бой көтерген мектептердің біріне жазушының есімін беруді ұсынды.