«Көлсай көлдері» ұлттық саябағында ілбіс фототұзаққа түсті. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Instagram-дағы парақшасында жариялады.
«Қар барысының ұрғашысы және оның бір жасар аланы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің бейнетұзағына ілінді. «Қызыл кітапқа» енген жануар бұған дейін де фототұзаққа бірнеше рет түскен болатын», делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарламасында.
Наурыз айында Шымбұлақ тау-шаңғы курортында қар барысы тау етегіне түскен болатын. Бұған дейін таудан түскен ілбісті Кербұлақ тұрғындары табиғи ортасына қайтаруға себепші болған еді. Ілбіс (қар барысы) Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысы бойынша сирек кездесетін және құрып кету қаупі төніп тұрған жануарлардың тізіміне енгізілген.